«Өзенмұнайгазда» 130-дан астам еңбек заңнамасы бұзылғаны анықталды

Жаңаөзендегі ҚМГ жұмыс тобының құрамы өнеркәсіптегі қауіпсіздік, экология және СЭС саласындағы сарапшылармен толықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл жерде Төтенше жағдайлар министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитеті, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қызметкерлері жайлы сөз болып отыр. 

Сарапшылар өздері маманданданған бағытқа сай тексеріс жүргізетін болады. 

Бүгінгі таңда «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлері арасында өткен сауалнаманың нәтижесі бойынша жұмыс тобы 2150 өтінішті талдады, олар 5 негізгі санатқа бөлінді: 

1) өндіріс/ сатып алу/ жабдықтау, 

2) адами ресурстар, 

3) әлеуметтік мәселелер 

4) еңбекті қорғау, 

5) басқалары. 

Топ жүргізген жұмыстың маңызды нәтижесі көлік құрылымдық бөлімшелердегі жол парақтары бойынша анықталған кемшіліктер болды. Бұл мәселелерді шешу үшін жеке көлік пен арнайы техниканың тиімді пайдаланылуын бақылау бойынша жүйелі шаралар әзірлеу жоспарда. Жұмыс тобы сондай-ақ ұңғымаларды жерасты жөндеу процесін жақсартуды жоспарлап отыр. 

Бұл бойынша бастапқы журналдар, ілмекке түскен жүктемені өлшейтін датчиктер мен бейнематериалдар арқылы ұңғымаларды жөндеу процесіне жан-жақты талдау жүргізіліп жатыр. Топ ӨМГ штатына жұмысқа орналасу кезінде ережені бұзу фактілерін анықтады. Атап айтқанда, жалған сертификаттар мен жергілікті оқу орындарында оқығаны туралы куәліктер қолданылған болуы мүмкін. Бұл мәселе бойынша материалдар Жаңаөзен қаласының прокуратурасына жолданды.

Сонымен қатар салалық мамандықтар бойынша персоналды жұмысқа алу процесін тексеру кезінде қабылданған 238 адамның 50-ге жуығы мамандық бойынша жұмысқа орналаспағаны немесе кейіннен басқа лауазымдарға ауыстырылғаны анықталды. Мемлекеттік еңбек инспекторлары ӨМГ мен мердігер ұйымдарда 130-дан астам еңбек заңнамасы бұзылған жағдайды тіркеді, - делінген хабарламада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ғазиз ШАКИРОВ
Өзгелердің жаңалығы