Бүгiн 2026, 11:05 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Өздерін ақылгөй деп санап, отбасы құндылығын дәріптейтін коучтар көбейіп кетті – депутат 

Қоғамдағы коучтар мен бизнес-тренерлер, психологтар қызметі заңмен реттеледі.

Мәжілісте қаралып жатқан «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан осы мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта қоғамда коучтар мен тренерлер саны күрт көбейген, алайда олардың қызметі ешқандай заңмен реттелмеген.

Қазір екінің бірі өздерін ақылгөй деп санап, отбасы құндылығын дәріптейтін коучтар мен бизнес-тренерлер пайда болды. Көп жағдайда олардың сабақтары азаматтардың жеке өміріне кері әсер етіп жатыр, - деді Жанарбек Әшімжан.

Ол нақты мысалдар келтіріп, кейбір тренерлердің отбасылық қатынастарды бұзып, азаматтардың қаржысын дұрыс басқармауына ықпал еткенін айтты.

Қаншама отбасыларда шырғалаңдар орын алды. Кейбір бизнес-тренерлер сотқа тартылып жатыр. Олар азаматтардың қарапайым қаржысын пайдаланып, алаяқтық жасаған, - деді депутат.

Сонымен қатар, Жанарбек Әшімжан діни немесе әлеуметтік желідегі уағыздарға да назар аударды. Оның пікірінше, жастар арасында кейде дұрыс емес ақпарат таралуы мүмкін, сондықтан барлық қызмет заң аясында реттелуі қажет.

Мүфтияттың бекітілген қағидалары бар, сол нормалардан тыс әрекеттерге жол бермеу керек. Бұл заң жобасы өте маңызды, - деп түсіндірді депутат.