Өздері нашақор ма? – Нартай Аралбайұлы есірткі сатқан полицейлер туралы
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Үкімет сағатында есірткімен күрес мәселесіндегі өзекті мәселелерді айтып, ІІМ басшысы Ержан Саденовке сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін алға қойылған кешенді жоспарды көріп жатырмыз. Орындалуы қажет және билік ұғынуы керек бір мәселе бар. Ол құр есептен, құр саннан сапаға көшу керек. Дәл осы есірткі мәселесіне қатысты тамыз айында өткен Президент жанындағы Жастар саяси кеңесінің отырысында сізге (ІІМ басшысы Ержан Садениов – ред.) сауал қойғанымды білесіз. Өйткені ол кезде ұсынған мәлімдемелеріңізде 2023 жылғы маусым айының өзінде ІІМ осы есірткіге қарсы 1 800 іс-шара ұйымдастырды деген мәлімет болды, - деді ол.
Депутаттың сөзінше, 292 акция, 119 семинар, 112 дөңгелек үстел, 405 лекция, 241 кездесу, 156 конкурс, 237 спорттық іс-шара өткізілген. Ол бұл бір ғана айдың көрсеткіші екенін атап өтті.
Осы мәселеге қарап отырып айтқым келетіні, кез келген іс-шараның санына емес, сапасына мән беруіміз керек. Өйткені сапалы болса, біздің елімізде есірткінің бүгінгідей мәселесі туындамас еді. Енді дәл осы жиынға дайындалған кезде есірткі тұтынып жүрген азаматтармен және сол удан беті бері қараған азаматтармен тілдестік. Сонда олар «анаша және басқа да есірткі сататын телеграмның адрестері қоғамдық орындарда әлі де жылтырап тұр» дейді. Осыны тоқтатудың жолы бар ма? Өйткені «11 мың теңге төлесең, телеграм каналдағы администраторлар есірткіні үйіңе дейін курьермен әкеліп береді» дейді. Осыны шешудің жолы бар ма? Азаматтардың айтатуынша, бір құпиясы – үнемі курьерлер ұсталмайды, есірткі тұтынған азаматтар ғана ұсталады. Осы құпияның шешімін біліп берсеңіз.., - дейді мәжілісмен.
Нартай Аралбайұлы атап өткендей, биылдың өзінде 11 құқық қорғау қызметкері есірткі заттарын сатқаны және сақтағаны үшін ұсталды. Депутат ІІМ басшысының мұның себебін сұрады.
Құқық қорғау қызметкерлерінің айлығы жетпей жатыр ма? Жоқ әлде өздері нашақор ма деген сауал бар, - деп айтты ол.