Өзбектер Samsung телефонын көбірек ұстайды. Apple-дің Қазақстанда емес, Өзбекстанда ашылу себебі айтылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Apple компаниясының кеңсесінің Қазақстанда емес, Өзбекстанда ашылуының себебін түсіндірді.
Оның айтуынша, Apple компаниясы Қазақстан нарығында игерілген, онсыз да бұл компанияның өнімдерін алатындар көп деп санайды. Сондықтан ашпаған деп отыр.
Өзбекстанның таңдауы туралы мынаны айтар едім. Бұл менің жеке пікірім. Өзбекстан ұзақ жылдар бойы инвестиция тарту тұрғысынан өзіндік вакуумда болды. Ал қазір ол елде басқа саясат. Сырттан келетін инвестицияларға ашықтық бар. Сондықтан көптеген компаниялар сол нарықты игеруге тырысып жатыр. Егер Apple туралы айтатын болсақ, бұл компания үшін жаңа нарықтың маңызы зор. Олар Қазақстанды игерілген нарық деп санайды. Студенттердің көбісінде Apple-дің соңғы үлгідегі телефондары жүр. Тіпті, жаңа өнімдері шыққан кезде жарнамалауды да қажет етпейді. Біздің азаматтар телефондарды Америкадан әртүрлі жолмен сатып алады, басқа елдерден әкеледі, - деп түсіндірді Алмас Айдаров ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Ол сонымен қатар Apple-дің Ресейде үлкен кеңсесі барын және ол жерден тауарлар Қазақстанға ешқандай қосымша салықсыз жеткізілетінін айтты.
Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан Apple үшін игерілген, ал Өзбекстан игерілмеген нарық. Ол жақта көпшілік Samsung телефондарын ұстайды. Сондықтан сол жаққа кіріп жатыр. Менің ойымша, Өзбекстанға қатысты таңдау осыған негізделген, - деп қорытындылады Сыртқы істер министрінің орынбасары.
2021 жылы қаңтарында Американың Apple компаниясы Өзбекстанның астанасы Ташкентте Орталық Азиядағы алғашқы ресми кеңсесін ашатыны белгілі болды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
“Жан Шуақ” сыйлығының лауреаттары марапатталды
Өзгелердің жаңалығы