Өзбекстаннан шыққан екі олимпиада чемпионы қазақстандықтармен бокстасудан бас тартты

Бүгін, 24 ақпанда, Болгарияда өтіп жатқан Странджа кубогында қазақстандық Серік Теміржанов Өзбекстанның олимпиада чемпионы Абдумәлік Халоқовпен кездесуі керек еді, бірақ жекпе-жек өтпейтін болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Өзбекстан Бокс федерациясына сілтеме жасап.

Өзбекстан Бокс федерациясының мәліметінше, Халоқовтың кәсіби рингтегі кезекті жекпе-жегіне дайындықты ертерек бастауына байланысты бұл кездесу өткізілмейді.

Бірінші күні олимпиада чемпионы Абдумәлік Халоқовтың жекпе-жегі өтуі керек еді, бірақ кәсіби жекпе-жектің ауысуына байланысты ол Испанияға ұшып кетті. Сондықтан бүгін "Странджа" турнирінде рингке шықпайды, - деп хабарлады федерация.

Сонымен қатар, тағы бір қазақстандық-өзбекстандық кездесу де болмайтын болды. Төрехан Сабырхан келесі кезеңге автоматты түрде өтті, себебі оның қарсыласы, тағы бір олимпиада чемпионы Асадходжа Муйдинхужаев жарысқа қатысудан бас тартты.

Біздің тағы бір чемпионымыз Асадходжа Муйдинхужаев бүгін Болгарияда жекпе-жекке шығуы керек еді, бірақ ол жарыс алдында алған жарақатынан толықтай айықпағандықтан, жекпе-жекті өткізіп жібереді, - деп толықтырды Өзбекстан Бокс федерациясы.

Осылайша, турнирдің алғашқы кезеңінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тек бір ғана жекпе-жек өтеді – Бекзад Нұрдәулетов өзбекстандық Акмалжон Исроиловпен кездеседі.

Айта кетейік, Халоқов пен Муйдинхужаев 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанған.

Странджа кубогына келер болсақ, атақты спортшылардың қатысуына байланысты оны "кіші әлем чемпионаты" деп те атайды. Турнир 24 ақпан мен 3 наурыз аралығында Болгарияда өтеді. Қазақстан құрамасынан бұл жарысқа 13 ер боксшы мен 12 әйел боксшы қатысуда.

Еске салайық, Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстан бокс құрамасы бір күміс жүлде жеңіп алса, Өзбекстан құрамасы бес алтын медаль иеленген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Сары май өндірісі артты
Өзгелердің жаңалығы