Өзбекстанмен тауар айналымы 10 миллиардқа жеткізілмек

Бұл туралы Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиер Саидовтың Қазақстанға ресми сапары аясында Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол екі ел арасында сауда, өнеркәсіп, су, көлік және логистика салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері жете талқыланғанын жеткізді.

Қазіргі таңда жалпы құны 156 миллион долларды құрайтын 12 бірлескен жоба іске қосылды. Оған қоса, құны 1 миллиард долларды құрайтын жаңа тағы да 21 жобаны қарастырып жатырмыз. Енді алдағы белестердің бірі осы алған екпінді жоғалтпай, бағана ғана кесу кезінде айтқанымыздай, екіжақты тауар айналымын 10 миллиардқа жеткізбекпіз, - деді министр.

Мұрат Нұртілеу Орталық Азия аймағында тұрғындардың көкейінде жүрген маңызды мәселе су-энергетикалық кешені төңірегінде пікір алмасып, оны шешу жолдарына назар аударылғанын жеткізді.

Қазақстан – Өзбекстанның үштікке кіретін ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Соңғы жылдары екіжақты сауда көлемі тұрақты түрде 4 миллиард доллардан асып түсті. Екі мемлекеттің транзиттік әлеуетін арттыратын жаңа теміржолдарды салу жобалары ерекше назарда, - деді ол.

Бахтиер Саидовтың Қазақстанға ресми сапары аясында шекара арқылы өзбек тасымалдаушылары үшін транзитті жеңілдету бағытында бірнеше ұсыныстар да берілді. Оның ішінде шекарадан өту пунктерінің санын көбейту, жаңа жол салу мәселелері сияқты сұрақтар талқыланып, тиісті министрліктер арасында келіссөздер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы