Өзбекстандық бақылаушылар өздерін қуантқан жағдай туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық байқаушылардың ақпараттық орталығында шетелдік байқаушылардың брифингі жалғасып жатыр. Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Зайниддин Низамхожаев референдумның қалай өтіп жатқанына куә болғанын айтты.
Қазақстанға кеше келдік. Кездесулер өткіздік. Бізге ОСК басшысы референдумға дайындық барысы туралы ақпарат берді. Таңғы уақыттан бастап референдум учаскелерінің ашылуына куә болдық. Дауыс беру учаскелерінде референдумға шығарылған мәселелер бойынша халық дауыс беріп жатыр. Таңертең миссиямыз 11 учаскені аралады. Олардың 6-уы астанада және 5-еуі Ақмола облысында орналасқан, - деп айтты Өзбекстан миссиясының өкілі.
Ол референдум учаскелерінде дауыс беру процесі ойдағыдай, тыныш өтіп жатқанын айтады.
Өте жоғары белсенділік байқалады. Сағат 10-да дауыс берушілердің 10-12 пайызы өз таңдауларын жасап үлгерген. Дауыс беруге келгендер арасында жастар ағыны үзілген жоқ. Бұл жастардың Қазақстанның және өздерінің болашағына немқұрайлы қарамайтынын көрсетіп отыр. Өйткені олар шешім қабылдауға атсалысып жатыр, - дейді Зайниддин Низамхожаев.
Өзбекстандық бақылаушылар өздерін қуантқан бір жайт барын айтты.
Бізді қуантқан бір жағдай бар. Атап айтқанда, референдум комиссияларының мүшелері өте жоғары кәсіби деңгейде әр мәселені шешіп жатыр. Туындаған сұрақтарға жауап берді. Жалпы халыққа өзінің конституциялық құқығын пайдалана алуына барлық жағдай жасалды. Жағдай заң талабына сай жасалды, - деп айтап өтті шетелдік бақылаушы.
Өзбекстан миссиясының өкілдері түстен кейін де референдум учаскелеріне барады.
Тек қана қалада ғана емес, облыстарда да бірдей жағдай жасалған. Дәлірек айтқанда, жабдықтау, ақпараттық материалдармен де қамтамасыз ету жағы бірдей, - деп толықтырды бақылаушы.