Өзбекстандық шенеуніктер өзбек тілінен тест тапсырады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстанда жоғары лауазымды қызметке ұсынылған әрбір шенеунік мемлекеттік тілден тест тапсырады. Бұл туралы сейсенбі күні министрлер кабинетіндегі мемлекеттік тілді дамыту басқармасының жетекшісі Әбдіғапар Қырғызбаев хабарлады.
Азаттық радиосының хабарлауынша, Қырғызбаевтың сөзіне қарағанда, былтыр елде мемлекеттік тілді дамытуды көздейтін 17 нормативтік-құқықтық акт қабылданған. Солардың бірі "өзбек тілін дамыту мен тіл саясатын жетілдіру" туралы президент жарлығына сәйкес, 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметкерлердің өзбек тілінде іс-қағаз жүргізу деңгейі анықталып, олардан мемлекеттік тіл бойынша сертификат талап етіле бастайды.
Құжат сонымен бірге өзбек тілін дамыту мен 2020-2030 жылдарға арналған тіл саясатын жетілдіру концепциясын тұжырымдаған. Оған сәйкес, мектепке дейінгі білім беру жүйесінде өзбек топтарының санын арттыру арқылы олардың санын 2025 жылға дейін - 72 пайызға, 2030 жылғы таман 80 пайызға жеткізу көзделген. Орта білім беру мекемелерінде 2030 жылға дейін "Ана тілі" пәні сағатын 84-тен 110-ға дейін көбейту қарастырылған.
Былтыр өзбек тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілуін атап өту шарасы кезінде президент Шавкат Мирзияев "қазір өзбек тілінде шамамен 50 млн адамның сөйлей алатындығы оның әлемде кеңінен танымал тілдердің біріне айналып бара жатқандығын дәлелдей түседі" деп мәлімдеген.