Өзбекстанда "Жалаңтөс Баһадүр" тарихи фильмі жарыққа шығады
Өзбекстанда "Жалаңтөс Баһадүр" тарихи фильмінің түсірілімі жүріп жатыр. Оның алғашқы эпизоды "Өзбекстан киносы күндері" аясында түсірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ UZA ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Жалаңтөс Баһадүр" – тарихи фильм. Ол XVI ғасырда өмір сүрген өзбек және қазақ батыры, биі Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлының өмірін суреттейді.
Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлдың әйгілі "Сегіз Сейітқұл" аталып кеткен сегіз ұлының бірі. 1649 жылы Жалаңтөс батыр қазақ қолын басқарып, Бұхар ханы Абдул Азиз бен Иран патшалығының Хорасан, Балх үшін жүргізген соғысында жеңіске жетті. Бұл соғыста Бұхар және қазақ хандықтары ортақ жауға қарсы күрес жүргізу үшін одақтық келісімге келді. Хотажқұли бек Балхидың "Тарихи қыпшақтар" анықтамалығы мәліметтерінде қазақ ханы Жәңгір бұл соғысқа 100 мың адамдық әскермен қатысқаны айтылады. Жалаңтөс батыр Ташкент пен Түркістанға үш жорық жасап, Қабыл мен Мешхедті бағындырған.
Жалаңтөс батырдың сүйегі Самарқаннан 12 шақырым жерде орналасқан Дагбит қыстауындагы зиратқа қойылған. Батырдың ұрпақтары бұл күнде Қызылорда облысының Қазалы ауданында өмір сүреді.