3 Қараша 2026, 15:07 Фото: видеодан алынған кадр

Өзбекстанда уланып қалған қазақстандық балалардың жағдайы тұрақты – ДСМ

Өзбекстанда тамақтан уланып, ем қабылдап жатқан қазақстандық балалардың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Қазіргі уақытта оларды елге қайтару мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Дегенмен мұндай қажеттілік туындаса, Қазақстан оларды тасымалдауды ұйымдастыруға дайын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі оқиға басталған сәттен бастап еліміздің Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжановпен тұрақты байланыста. Ведомство әр баланың денсаулық жағдайын онлайн режимде бақылап отыр.

Зардап шеккен балаларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Емдеу шаралары, соның ішінде, Қазақстанда бекітілген медициналық хаттамаларға сәйкес жүргізілуде. Балалардың жағдайы тұрақты деп бағаланған. Сонымен қатар Денсаулық сақтау вице-министрі арнайы кеңес өткізіп, әр баланың жағдайы туралы ақпарат алып отыр.

Қазіргі уақытта балаларды Қазақстанға тасымалдау қажеттілігі жоқ. Соған қарамастан, қажет болған жағдайда қазақстандық тарап оларды елге қайтаруды ұйымдастыруға дайын, – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Осы мақсатта Шымкент қаласы мен Түркістан облысында алдын ала қажетті аурухана орындары әзірленіп, медицина мамандары мен дәрі-дәрмектер дайындалған.

Министр оқиғаның тамақтан улануға қатысты екенін де нақтылады. Қазір Өзбекстан тарапы болған жағдайдың мән-жайын анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізіп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Ташкентте Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне қатысып жатқан Қазақстанның 15 жас футболшысы ауруханаға жатқызылғаны хабарланған еді. Балалардың жағдайы қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін нашарлаған.