Өзбекстанда тұратын қазақ қызы Мирзиёевті тәнті етті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өзбекстанда тұратын қазақ қызы Мерей Аманбаева Шавкат Мирзиёевті тәнті етті.Навои облысының жас кәсіпкері Мерей Аманбаева Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке жастар атынан сөз сөйледі.

Өзбекстан Президенті Мереймен сөйлескен сәтін өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады.

Сәлеметсіз бе, құрметті Президент! Келе жатқан Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы баршаңызға құтты болсын! Құрметті Президент бүгін сіз келгеніңізде рух, күш алдық десем қателеспеймін, - деді Мерей.

Алғы сөзін қазақ тілінде бастаған қазақ қызы кейін сөзін өзбек тілінде жалғастырды.

Мерей Аманбаева Навои мемлекеттік педагогикалық институтының 2 курс магистрі және жас кәсіпкер.

Ол өзінің шәкірттеріне бизнестің негіздерін үйретеді.

Құрметті Президент, Сіз Жастар күнінде бизнеске бірінші қадам стартап, жобалар үшін гранттар бөлінеді деген болатынсыз. Бұл шешімге қатты қуандық. Жобаларды жүзеге асыра бастадық. Навоиге жиі келіп тұрыңыз. «Құдайдың назары Президентке түскен» деп жатады емес пе?! Сондықтан сізге түскен назар бізге келсеңіз, онда бізге де түсіп қалар, - деді жас кәсіпкер.

Президент өз кезегінде Мерейге тәнті болып, Өзбекстанда шыққан көлікті сыйға берді.

Сіз осы көлікке мініп, жастардың басын біріктіріп, болашаққа сеніммен қадам баса беріңіз, - деді Мирзиёев.

Мерей Мирзиёевпен осымен екінші рет кездесіп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы