Өзбекстанда Трампқа шағымданған ер адамға айыппұл салынды

Ташкент қаласының тұрғыны АҚШ президенті Дональд Трампқа қатысты шағым түсіріп, полицияға жалған қоңырау шалғаны үшін 1,23 миллион сум (шамамен 52 мың теңге) көлемінде айыппұл арқалады. Бұл туралы сот шешіміне сілтеме жасап BAQ.KZ хабарлайды.

RIA Новости иелігіндегі сот құжатына сәйкес, ер адамға үш базалық есептік мөлшер көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындалған. Бұған оның Ташкент қалалық ІІБ-не жасаған өтініші себеп болған. Мас күйде болған ол полицияға қоңырау шалып, Дональд Трампты Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұрлады деп айыптап, арыз қабылдауды сұраған.

Полиция қызметкерлері оған жақын маңдағы бөлімшеге келуді ұсынғанымен, ер адам ол жерге бармаған. Сот барысында ол өз кінәсін мойындап, мас болғанын, қоңырау шалуға не түрткі болғанын есінде сақтамайтынын және әрекетінің салдарын түсінбегенін айтқан. Іс "Арнайы қызметтерге көрінеу жалған шақыру жасау" бабы бойынша қаралған.

Айта кетейік, 3 қаңтарда АҚШ-тың арнайы жасағы Венесуэлада операция жүргізіп, оның барысында Николас Мадуро мен жұбайы Силия Флорес ұсталып, бірқатар әскери нысандарға соққы жасалғаны хабарланған. Президент пен оның әйелі Нью-Йоркке жеткізіліп, оларға қатысты «есірткі терроризмі» айыбы бойынша алғашқы сот отырысы өткен. Венесуэла басшысы өз кінәсін мойындамаған.

Елдегі уақытша билік вице-президент Делси Родригеске өтіп, ол 5 қаңтарда Ұлттық ассамблея алдында ант берген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ашық дереккөз
Өзгелердің жаңалығы