Өзбекстанда Әйтеке би күнін атап өту ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Енді жыл сайын Өзбекстанда Әйтеке би күні аталып өтуі мүмкін. Көрші елге барған қазақстандық делегация осындай ұсыныс жасады. Бұл бастама жергілікті билік тарапынан қолдау тапты - деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақтуризм», Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері және туристік операторлар Науаи облысына барып, баба рухына тағзым етті. 

Өзбекстанның Науаи облысында 40 мың қазақ тамырын тереңге жайып, ұрпақ өрбітіп отыр. Тілі мен ділін сақтап, дәстүрін берік ұстанған қандастарымыз. Бұл өңірде Кіші жүздің бас биі Әйтеке бабамыздың сүйегі жатыр. Бірақ орақ ауыз, от тілді шешеннің мәңгілік мекені осында екенін көп қазақстандық біле бермейтін көрінеді. 

Осында Әйтеке би бабамыз жатқанын көп адам біле бермейді. Осы бабаларымыздың рухына тағзым етіп, оларға дұға жасап, өскелең ұрпаққа танытып, олардың өнегелі өмірін дәріптеу – біздің міндетіміз - дейді ҚМДБ жанындағы қажылық компанияның директоры Бектемір Ысқақов.

Кіші жүзге төбе би болып, төрде отырған бабамызды дәріптеу үшін іргедегі көршілер септесуге дайын екенін жеткізді. Бұл орайда жергілікті билік Әйтеке би туралы бейнероликтерді қаржыландыруға әзір. Қазақстаннан туристер көптеп келсе, бұдан ала тақиялы ағайын да ұтады. 

Өкінішке қарай, пандемияның салдарынан туризм тұралап қалғанын білесіздер. Әйтпесе Қазақстаннан келетін туристердің саны 2019 жылы 80 процент өсіп, 12 мың адамды құрады. Енді біз қазақстандық әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, туризм саласына инвестиция тартып, турбизнес арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға келісіп отырмыз - дейді Науаи облысы Туризмді дамыту басқармасының басшысы Жавлон Хасанов.

Ол үшін еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен Науаи облысының әкімдігі туризм саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, саланы бірлесе дамытуға уағдаласты. «Қос мемлекет туризм индустриясындағы бір-бірінің жоғын түгендей алады», дейді мамандар. 

Отырарда Арыстан баб бабамыз бар. Олар да Өзбекстан халқына қызығушылық туғызады. Өзбекстан халқының туристері де Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың басына барып, дұға жасап жатады - дейді Бектемір Ысқақов. 

Науаиде қазақ пен қарақалпақтың мәдениеті тоғысқан Кенимех дейтін жер бар. Қазір облыс хәкімі осы жерде сәуір айында екі ел жастарын біріктіріп, халықаралық фестиваль өткізуді ұсынып отыр.

Науаи облысының әкімдігіне Әйтеке бидің туған күнін жыл сайын атап өтейік деп ұсындық. 23 наурызда екен. Наурыздың кезінде үш күндік фестиваль өткізетін болсақ, көп қазақстандыққа қызық болады деп ойлаймын. Әрине, біз де осында келіп, өз жерімізді айтып, Өзбекстан азаматтарына біздің жерімізде қандай қызық нәрселер бар, сол жаққа біз де шақырып отырамыз - дейді «Өзбекстан» туристік брендінің Қазақстандағы құрметті елшісі Ләззат Аханова. 

Өзбек жерінде топырақ бұйырған ағайынның ошағы сөнбей, көгеріп-көктегенін көрсін, Әйтеке бидей бабамыздың рухына тағзым етсін ниетпен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы