Өзбекстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салынуы мүмкін
Елде кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеуді көздейтін заң жобасы әзірленіп жатыр.
Өзбекстан билігі әлеуметтік желілерді пайдалануға жас шектеуін енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл 16 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге қатысты, деп хабарлайды Gazeta.uz.
Мұндай бастама болуы мүмкін екенін елдің білім министрі Эъзозхон Каримова айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе депутаттармен және сенаторлармен талқыланған. Алдағы уақытта билік заң жобасын әзірлеп, оны қоғамдық талқылауға шығаруды жоспарлап отыр.
Біз бұл туралы депутаттарымызбен және сенаторларымызбен сөйлестік. Заң жобасын әзірлеп, оны қоғамдық талқылауға шығарғымыз келеді. Менің ойымша, мұндай тәртіп бізде де болуы керек, – деді министр.
Сонымен қатар Өзбекстан смартфондардан толық бас тартқалы отырған жоқ. Эъзозхон Каримованың айтуынша, қазіргі заманда гаджеттер оқушылардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған. Сондықтан әңгіме телефонға толық тыйым салу туралы емес, оны пайдалану ережелері жайында болып отыр.
Министрдің айтуынша, ел мектептерінде оқу орнына кірер алдында ұялы телефондарды тапсырып қою талабы қазірдің өзінде бар. Алайда бұл ереже барлық жерде бірдей сақтала бермейді.
Қазір технология заманы, біз балаларымыздың телефондарын тартып ала алмаймыз. Әрине, телефон керек. Бірақ оны пайдаланудың мәдениеті де, шегі де болуы тиіс, – деді Эъзозхон Каримова.
Оның сөзінше, енді билік бұл мәселені қатаң бақылауға алып, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты шектеулерді заң деңгейінде бекітуді көздеп отыр.
Бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктерінде әлеуметтік желілерге қатысты жаңа ереже енгізілген еді. Енді ол елде 15 жасқа толмаған балаларға жеке аккаунт ашуға және оны пайдалануға болмайды.