16 Қазан 2026, 11:10 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Өзбекстан жасанды интеллектінің медиаға беретін мүмкіндіктерін атады

Астанада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының медиа және ақпарат мәселелері жөніндегі VIII отырысында Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Медиа контент даярлау орталығының директоры Кобулжон Ахмедов жасанды интеллектінің медиа индустрияға ықпалы, контент өндірісін дамыту және түркі елдері арасындағы бірлескен жобаларды кеңейту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан ақпарат саласын дамытуға, мемлекеттік коммуникацияларды жаңғыртуға және заманауи технологияларды енгізуге ерекше мән беріп отыр. Мұндай кездесулер мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты жандандырып, қазіргі ақпараттық дәуірдің сын-қатерлеріне тиімді жауап беретін шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі кездесу ынтымақтастығымызды одан әрі жандандыруға, сондай-ақ қазіргі ақпараттық дәуірдің сын-қатерлеріне тиімді жауап беретін нақты шешімдерді әзірлеуге бағытталған маңызды қадам болатынына сенімдімін, – деді Кобулжон Ахмедов.

Спикердің сөзінше, соңғы жылдары медиа саласындағы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілген. Салалық ведомстволар мен ұлттық хабар тарату ұйымдары арасында ақпарат алмасу және кәсіби диалог кеңейіп, бірлескен медиа жобалар әзірленіп келеді.

Оның пікірінше, ендігі міндет – қол жеткізілген нәтижелерді сақтап қана қоймай, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуын ескере отырып, серіктестікті жаңа мазмұнмен толықтыру.

Жасанды интеллект контент өндірісінің мүмкіндіктерін кеңейтеді

Кобулжон Ахмедов жасанды интеллект қазіргі медиа индустрияны түбегейлі өзгертетін негізгі факторлардың біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл технология ақпаратты жасау, өңдеу, тарату және тұтыну тәсілдерін өзгертіп, сапалы контент өндіруге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Атап айтқанда, жасанды интеллект сұхбаттарды мәтінге түсіру, субтитр жасау, материалдарды аудару, бейне және аудио жазбаларды өңдеу, сондай-ақ контентті түрлі цифрлық платформаларға бейімдеу сияқты міндеттерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл материал дайындауға кететін уақытты қысқартып, редакциялардың жұмыс тиімділігін арттырады.

Сонымен қатар генеративті технологиялар идеялар мен сценарийлер әзірлеуге, визуалды шешімдер жасауға, графика мен анимацияны өңдеуге, монтажды жетілдіруге және дайын материалдарды әртүрлі форматта таратуға көмектеседі.

Спикер бұл мүмкіндіктердің түркі халықтарының ортақ мұрасына арналған деректі және тарихи фильмдер, мәдени-ағартушылық бағдарламалар, білім беру жобалары мен цифрлық контент әзірлеуде маңызы зор екенін айтты.

Жасанды интеллект аудиториямен өзара әрекеттесу тәсілдерін де өзгертіп жатыр. Цифрлық платформалар пайдаланушылардың қызығушылықтарын талдап, оларға сәйкес контент ұсыну үшін түрлі алгоритмдерді қолданады. Мұндай құралдар медиа компанияларға аудиторияның сұранысын жақсырақ түсінуге, жобаларды жоспарлауға және контенттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллектіні қолдануда ортақ тәсіл қажет

Кобулжон Ахмедов технологиялық мүмкіндіктермен қатар, жасанды интеллектінің бірқатар тәуекел тудыратынын да еске салды. Олардың қатарында жалған ақпараттың таралуы, контентті автоматтандырылған түрде жасау кезінде туындайтын мәселелер, авторлық құқықтың бұзылуы және цифрлық өнімдерге деген сенімнің төмендеуі бар.

Осыған байланысты ол инновацияны дамыту, кәсіби этиканы сақтау, ақпараттың дәлдігін қамтамасыз ету және халықтардың мәдени құндылықтарын құрметтеу арасында тепе-теңдік қажет екенін атап өтті.

Спикер Түркі мемлекеттері ұйымы аясында осы бағыттағы диалогты нығайту, ұлттық тәжірибелермен алмасу және медиа кеңістігінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолданудың ортақ тәсілдерін әзірлеу маңызды екенін жеткізді.

Өзбекстан түркі елдерін Ташкенттегі халықаралық контент нарығына шақырды

Сөз барысында Кобулжон Ахмедов Өзбекстан үшін жасанды интеллектіні дамыту және оны шығармашылық индустрияларда, әсіресе контент жасау мен тарату саласында қолдану маңызды екенін айтты.

Осы орайда ол 2027 жылғы 4-5 ақпанда Ташкентте өтетін Tashkent Content Market 2027 халықаралық іс-шарасына Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің компаниялары мен өкілдерін қатысуға шақырды. Оның айтуынша, іс-шара аясында жасанды интеллект пен контент өндірісіне қатысты мәселелерге де назар аударылады.

Спикер мүше мемлекеттер өкілдерінің қатысуы медиа нарықтары арасындағы байланысты нығайтып, контентті бірлесіп өндіру және экспорттау мүмкіндіктерін кеңейтетініне сенім білдірді.

Ол жасанды интеллект бүгінде технологиялық инновация құралы ғана емес, ұлттық медиа индустриялардың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын факторға айналып келе жатқанын атап өтті.

Кобулжон Ахмедов Өзбекстанның Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану, контент алмасуды кеңейту және медиа мамандары арасындағы диалогты дамыту бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.