23 Тамыз 2026, 12:22 Фото: ©BAQ.KZ

«Адамдардың кезекте тұрғанын көрдік»: халықаралық байқаушы Құрылтай сайлауын бағалады

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры ғимаратында орналасқан №341 сайлау учаскесі 23 тамыз күні таңғы сағат 07:00-де жұмысын бастады.

Бүгінгі дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстанның бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтайдың жаңа құрамы жасақталады. Таңертеңнен бастап елорда тұрғындары сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасауда.

№341 учаскеде дауыс берушілерді қабылдау мен тіркеу, бюллетень беру және дауыс беру процесі белгіленген тәртіпке сәйкес ұйымдастырылған. Учаскеде сайлаушылардың еркін таңдау жасауына қажетті жағдай жасалған.

Құрылтай сайлауының өту барысын еліміз бойынша 42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйымнан келген 777 шетелдік байқаушы бақылап отыр. №341 сайлау учаскесіне Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев келіп, дауыс беру барысымен танысты.

Өзбекстан ОСК төрағасы сайлау учаскесіндегі жұмыстың ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, сайлаушылардың белсенділігіне назар аударды.

Кешеден бері дайындық жұмысының барлық кезеңімен таныстық. Бүгін сайлаудың өту барысымен танысудамыз. Барлық процесс заңдық нормаларға сай өтіп жатқаны анық. Сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары болды. Адамдар сайлаудың кезегінде тұрғанын көрдік. Бұл – қазақстандықтардың өз болашағына бейжай қарамайтындығының белгісі ғой. Сайлау комиссиясының басшысы, хатшысынан бастап, барлық комиссия мүшелерінің кәсібилігіне тәнті болғанымды ризашылықпен атап өткім келеді. Олар барлық сұрақтарға тиянақты жауап берді. Ешқандай тәртіп бұзушылықтар байқалған жоқ. Бұл ҚР ОСК-ның тиянақты жұмысының жемісі деп білемін. Бауырлас қазақ халқына өз болашағы үшін ақылды шешім қабылдауын тілеймін! – деді Зайниддин Низамходжаев.

Ол сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынасқа тоқталып, екі ел арасындағы экономикалық, гуманитарлық және саяси ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

Қазақстан мен Өзбекстан арасында экономикалық, гуманитарлық және саяси тамаша ынтымақтастық қарым-қатынас жолға қойылған. Біздің ашық шекарамыздан қазақ пен өзбек халқы еркін өтіп жатады. Қазақстандық туристер де біздің елімізге көп сапарлайды. Біздің Президентіміз айтқанындай, дініміз бір, тіліміз бір, дініміз бір, базарымыз бір, мазарымыз бір халықпыз. Біздің тату көршілік қарым-қатынасымыз мәңгілік болсын! – деді Өзбекстан ОСК төрағасы.

Айта кетейік, бұл – Қазақстанда 1991 жылдан бері өткізіліп отырған оныншы парламенттік сайлау. Дауыс беру пропорционалды жүйе бойынша өтуде. Сайлаушылар бюллетеньде көрсетілген саяси партиялардың бірін таңдайды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Құрылтайдағы 145 депутаттық мандат партиялар арасында бөлінеді.

Ел бойынша сайлау процесі жалғасып жатыр.