Өзбекстан Қазақстанға тағы 500 млн текше метр су жібереді

Өзбекстан суару маусымының соңына дейін Қазақстанға тағы 500 млн текше метр су жібереді, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Естеріңізге сала кетейік, 1 сәуірден бері өзбек тарапы елімізге Сырдария өзені арқылы 4 млрд текше метрден астам су жіберді.

Осыған дейін су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстанмен жарты жыл ішінде Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су жіберу туралы мәмілеге келген болатын. Нәтижесінде өзбек тарапы келісілген су көлемін 4 айда жіберді, - деп жазылған хабарламада.

Бұл жұмыстар еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі шаруалардың суармалы суға сұранысын толық қанағаттандыру үшін жасалып жатыр.

Бүгінгі таңда Шардара су қоймасында 1.5 млрд текше метр су бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 500 млн текше метрге артық. Шардара су қоймасына жалпы көлемі 4 млрд текше метр су келді.

Ал Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 4,5 млрд текше метр су жіберілді. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 1 млрд текше метрге артық. Қызылқұм каналына 850 млн текше метр су, ал 590 млн текше метр Солтүстік Арал теңізіне жіберілді, - дейді ведомство мамандары.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиеваның айтуынша, көршілерімізбен Тоқтоғұл және Бахри-Точик су қоймаларының жұмыс кестесін алдын ала келісудің нәтижесінде "Достық" мемлекетаралық каналының қазақстандық бөлігіне су тұрақты түрде келіп тұр.

Қазір аталған канал арқылы елімізге секундына 90 текше метр су келеді. Бұл Түркістан облысының шаруаларын суармалы сумен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті, - деп түйіндеді Мөлдір Әбдуалиева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы