Өзбекстан Қазақстанның АӨК өнімдерін кіргізуге қатысты уақытша шектеулерді алып тастады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстан Республикасы Қазақстаннан тасымалданатын құс және мал шаруашылығы өнімдерін кіргізуге тыйым салған уақытша шектеулерді алып тастады, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Өзбекстан Республикасының Ветеринария және мал шаруашылығын дамыту мемлекеттік комитеті 2021 жылдың 19 наурызынан бастап тірі құстарды (оның ішінде сәндік құстарды), инкубациялық жұмыртқаны, мамық пен қауырсынды, құс етін, жұмыртқаны және құс шаруашылығы өнімінің басқа да түрлерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан құстарды күтіп-бағуға, союға арналған жабдықтарды Өзбекстан Республикасының аумағына кіргізуге және тасымалдауға енгізілген уақытша шектеулерді алып тастады.
Сондай-ақ, тірі малды (оның ішінде жабайы, цирк және хайуанаттар бағы жануарларын), шикі ет пен ет өнімдерін, жылумен өңделмеген сүт және сүт өнімдерін, генетикалық материалдарды, жүнді, шашты, қылды, трофейлерді, ішек шикізатын, тері мен былғарыны, Шымкент қаласы мен Ақмола облысынан малға азық беретін (су, жем, шөп беретін астаулар) және малды союға арналған жабдықтарды кіргізуге, тасымалдауға тыйым салынған уақытша шектеулер алынып тасталды.