Өзбекстан елшілігінде «Балалар өнер әлемінде» сурет көрмесі өтті
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы елшілігінде «Балалар өнер әлемінде» тақырыбында сурет көрмесі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Шоқан Төлеш» өнер орталғы мен «Патефон» вокалды-аспаптық студиясы бірлесіп өткізген көрмеге 4 жастан 10 жасқа дейінгі балалардың суреттері қойылды. Іс-шараның мақсаты – бейнелеу өнері мен музыка арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және өзін-өзі көрсету.
Көрмеге қойылған суреттердің ішінен әртүрлі жанрда салынған портрет, натюрморттар, пейзаждарды байқауға болады.
Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Саидикрам Ниязходжаев құттықтау сөз сөйлеп, мерекемен құттықтады.
Бүгінгі Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Мерекелік іс-шараны өткізіп жатқанымызға өте қатты қуаныштымын. Сондай-ақ осы көрмені ұйымдастыруға атсалысқан «Шоқан Төлеш» өнер орталығы және «Патефон» студиясына, балалардың ата-аналарына алғыс айтамын. Балалар біздің болашағымыз! Бүгінгі іс-шара сіздердің құрметтеріңізге арналады. Бала күнімізде қандай да бір таңғажайыпқа сенеміз. Барлық арман-тілектеріміздің орындалатынын білеміз. Ал, ата-аналарымыз сол үшін барлық жағдайды жасауға тырысады, деді Саидикрам Ниязходжаев.
«Шоқан Төлеш» өнер орталығының директоры Ботагөз Төлеш сурет салу балалардың мектептегі үлгеріміне де оң әсерін тигізетінін тілге тиек етті.
Өнер орталығымызда сурет салуды ғана емес, қолөнерді де үйретеміз. Бұл біздің алғашқы көрмеміз. Алдағы уақытта жылына 2 рет өткізуді жоспарлап жатырмыз. Балаларды қорғау күніне орай бекер ұйымдастырылмады. Себебі балаларға өздерінің салған суреттерін әдемі көрмеге қою арқылы шабыт сыйлағымыз келді. Сурет салу арқылы балалардың ойлау қабілеті жақсарады. Өйткені өзі салып жатқан суретті көз алдына елестетіп, қиял-ғажайыпқа бөленіп, түрлі идеялар келе бастайды. Сондықтан да бұл оқу үлгеріміне жақсы әсер етеді, - дейді Ботагөз Төлеш.
Мерекеге орай көрмеге қойылған суреттердің авторларына арнайы диплом мен кітап табысталды.