Өзбекстан өзге елдегі студенттерін шақырып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов Facebook әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында Өзбекстан азаматтарынан өзбекстандық жоғары оқу орындарына ауысу туралы өтініштер түсуін түсіндіріп берді.
Баршаңызға мәлім, соңғы уақытта еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын Өзбекстан азаматтарынан өзбекстандық жоғары оқу орындарына ауысу туралы өтініштер жиі түсе бастады. Олардың мұндай шешім қабылдауларының себебі Өзбекстан елшілігінің өкілдерімен кездесу барысында айқындалды. Бұл жағдай, ең алдымен, Өзбекстанда жоғары білімге қол жеткізу мүмкіндігінің артуына байланысты туындап отыр, - деп жазды Мирас Дәуленов.
Оның айтуынша, өзбекстандық студенттер тек біздің елден ғана емес, сонымен қатар, бірқатар шекаралас елдердің жоғары оқу орындарынан да өздерінің тарихи отандарына ауысып жатыр екен.
Қазіргі таңда әлемде халықтың басым бөлігінің жаппай жоғары білім алуға ұмтылу үрдісі байқалады. Барлық жерде академиялық ұтқырлық бойынша кедергілер жойылды. Туындап отырған жағдай қазақстандық жоғары оқу орындарына кері әсер етпейтін табиғи процесс болып табылады. Қазақстанда 2017 жылы студенттерді шетелдік жоғары оқу орындарынан отандық жоғары оқу орындарына ауыстыру кезінде кешенді тестілеу тапсыру талабы алынып тасталғанын естеріңізге саламын. Аталған шараның нәтижесінде тек 2017 жылдың ішінде 37 мыңнан аса студент Қазақстанның жоғары оқу орындарына ауысу мүмкіндігіне ие болған еді, - деді вице-министр.