Өзбекстан делегациясы "Цифрлық полицей" жобасымен танысты
Ішкі істер министрінің орынбасары Зуфар Құрбанов бастаған Өзбекстан ІІМ делегациясы еліміздің полиция ведомствосына келді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қонақтар қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың конституциялық құқықтарын сақтау үшін полиция жұмысына енгізілген цифрлық шешімдермен танысты. Шетелдік әріптестерге жол жүрісі қағидаларын бұзушыларды анықтауға көмектесетін “Қорғау” жүйесі көрсетілді, “Цифрлық полицей” жобасы аясында алынған полиция қызметкерлерінің жаңа бейнежетондарының ерекшеліктері туралы айтылды.
Өзбек делегациясына бүкіл ел бойынша оқу орындарында орнатылған бейнекамералар мен дабыл түймелерінің жұмысы, ішкі кадрлық процестерді оңтайландыру және полиция қызметкерлерімен халыққа көрсететін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру таныстырылды.
Бұл жобалар құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді тетігі ғана емес, сонымен қатар қылмыстарды жедел ашу құралы ретінде де әрекет етеді. Мәселен, республика бойынша камералардың көмегімен жыл басынан бері 8 мыңнан астам қылмыс ашылып, 465 мың әкімшілік құқық бұзушылыққа тосқауыл қойылды, 4,6 млн жол жүрісі қағидасын бұзу дерегі тіркелді. Қонақтар қаладағы жедел жағдай туралы ақпаратты тәулік бойы үздіксіз жинау және талдау үшін бейнебақылау мүмкіндіктерін пайдаланатын елордалық жедел басқару орталығына барды.
Сондай-ақ оларға министрліктің молекулалық-генетикалық зертханасының жұмысы көрсетілді. Сонымен қатар көрші мемлекеттің тәртіп сақшылары қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ахуалдық орталығының жұмысын зерделеді, онда елдегі барлық пенитенциарлық мекемелердегі жағдай бақыланады. Сапар аясында Өзбекстан делегациясы елордалық киберполицияға, ХҚКО мен арнайы ХҚКО-ға барды.