Шекараны бұзып өтпек болған Өзбекстан азаматы ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметінен хабарлады.


«Өткен түнде Сарыағаш шекара отрядының «Қапланбек» заставасы аумағында шекара наряды техникалық бақылау құралдары арқылы түн қараңғылығын жамылып, тыл жақтан жасырынып Мемлекеттік шекараға қарай келе жатқан белгісіз адамды байқап қалған. Суыт жүрісті адамның бағытының алдын алып, жетіп үлгерген шекара наряды оны сымтемірлі торды бұзып өтпек болған жерінен қолға түсірді. Ұсталған азамат 1976 жылғы, «өз еліне қарай асыққан» өзбекстандық болып шықты», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Бұдан басқа, Тараз шекара отрядының «Гродеково» шекара заставасынан шыққан шекара наряды өткен түнде, сағат 23.40 шамасында шекара бойын шолып жүріп, із бақылау жолағында жатқан қара түсті үлкен спорттық сөмкені байқап қалған.

«Қара түнді қақ жарып шыға келген шекарашыларды көре сала сөмкесін тастай зытқан шекара бұзушы алысқа кете қоймаса керек-ті. Дәл солай болыпты да. Қызметтік итті ізге салып, түнде көретін құрылғымен шекарашылар сөмке табылған жерден сәл әрірек, қос қоршаудың ортасында дымын ішіне тартып, жерге жабысып жатқан шекара бұзушыны қолға түсірді. Қазақстаннан Қырғыз аумағына қарай шекараны бұзып өтпек болған 40 жастағы Қырғыз азаматы екен», - дейді мамандар.

Ал, Петропавл шекара отрядына қарасты «Жаңажол-авто» бөлімшесінде шекара наряды Ресейге қарай бөтен құжатпен өтпек болған әйел адамды ұстады. 21 жастағы Ресей азаматшасы шекарадан 2004 жылғы қазақстандық бойжеткеннің төлқұжатымен өтпек болыпты. Жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізу үшін ұсталған әйел Мамлют аудандық полиция бөліміне тапсырылды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы