"Өзбек - өз ағам". Қазақ пен өзбектің бауырластығы

«Өзбек – өз ағам, сарт - садағам»  - деп атам қазақтар өзбек ағайындарға ізеттілікпен сыйластықпен қараған. Бүгінгі таңда ағайынды екі елдің тарихының ортақ екенін бүкіл тарихшылар мойындап отыр, - деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Нарықтық бәскеге толы заманда туыстық қатынас қажеттіліктен туындайды. 

Президентіміз қазіргі таңда айналамызда соғыс болып жатқанын, мұндай кезеңде бірлік пен берекенің маңызды екенін атап өткен болатын. 

Бүгінгі таңда Қазақстанмен Өзбекстан халқының жақындығы қандай? Және бүгінгі экономикалық, рухани қарым-қатынасы қалай өрбіп жатыр? Өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов айтып берді. 

Тарих беттері

Абай Құнанбаев «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» атты еңбегінде моңғол билеушілері мен Шайбани хан арасындағы өзара қарым - қатынас әрекеттерін келтіреді, онда қазақтардың өз іс-әрекетін өзбектермен туыстық байланыстарымен негіздеп және өз ұстанымын «Сарт - садағам, Өзбек - өз ағам» деген сөздермен білдіре отырып, оны қалай қолдағанын және оның жағына ауысқанын айтады. Ұлы Абай өз еңбегінде бұл сөздің қазақтар арасында нақыл сөз ретінде қалыптасып кеткендігіне назар аудартады. Қазақтар мен өзбектердің бір ата-бабалардың ұрпақтары екендігі туралы ежелден айтылып келеді. Бұл фактіні қазіргі заманғы ғалымдар мен тарихшылар да растап отыр. Мысалы, қазақстандық ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Халықаралық Түркі академиясының президенті, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Шайбани хан және Мехман нама-и Бұхара» атты мақаласында қазақтар мен өзбектер арасындағы туыстық байланыстарды сипаттайды, - деді Шерзод Пулатов. 

Пулатовтың дерегінше, тарихи тұрғыдан өзбектердің 92 руы мен тайпасы аталады, қазіргі таңда бұл 92 тайпаға бір кездері Орталық Азияның қазіргі аймағын мекендеген түркі және кейбір түрік емес этностардың көпшілігі кіреді деген пікір  кең таралған. 

Бүгінгі күнде 92 өзбек тайпасының 18-ден астам нұсқасы белгілі, олардың барлығы Мауеренахр аумағында, дәлірек айтқанда, Орта Азия оазисінің өзен аңғарларында  айқындалған. Ең ерте тізімнің мерзімі XVI ғасырдан, ал ең кеші ХХ ғасырдың басынан басталады. Тізімдердің бірі 1841 жылы Бұхарада болған Н.В.Ханыков тарапынан жазылған. Ерекше атап өтетін жәйт, тайпа атауларының басым бөлігі қазақ, өзбек және де басқа түркі халықтарында қайталанады. Мысалы, коңырат, қыпшақ, найман, қаңлы, қожа (ходжа) және басқалар, - деді ол. 

Зерттеушілердің пікірінше, қазақтар мен өзбектердің негізгі айырмашылығы әртүрлі шаруашылық жүргізу тәсілдеріне қарай ерекшеленеді: өзбек халқы отырықшы-егіншілікпен, ал қазақ халқы көбінесе көшпелі - мал шаруашылығымен айналысатын халық ретінде қалыптасты. Бұл әсіресе Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне тән.

Тәуелсіздік жылдары мен бүгінгі таң немесе Орта Азияның тұрақтылығы

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастар тату көршілік және сенімділік сипатта жүзеге асырылады. Екі ел де өз алдына жоғары мақсаттар қойып отыр, олар бір-бірін жақсы бастамаларда қолдап, бүкіл әлемдік қоғамдастыққа қалыптасқан достық пен бейбіт өмір сүру дәстүрлерін көрсете отырып, оларды жүйелі түрде ұстанады.

КСРО күйреуінен кейінгі тоқырау жағдайында екі ел де экономикалық ынтымақтастыққа аса мән берген болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы Ташкентке сапары барысында қол қойылған Біртұтас экономикалық кеңістікті құру туралы шарт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланысты жан-жақты, әсіресе, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге септігін тигізді. 1997 жылы наурызда жасалған Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан Республикаларының арасындағы Мәңгілік достастық туралы үшжақты шарт - қарым-қатынасты дамытудағы тағы бір маңызды қадам болды. Бұл құжат екі ел арасындағы экономикалық кеңістік аясында әріптестіктің тиімді жақтарын тереңдету амалдарын табуға, шаруашылық субъектілері арасында тікелей байланыстар орнатуға өте зор ықпал етті.

Тату көршілік пен өзара құрмет қағидаттары әрқашан шығыс халықтарының айрықша белгісі болып келген. Әуел бастан қалыптасқан Қазақстан мен Өзбекстанның достық қарым-қатынастары Орталық Азия елдері үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін де үлгі болып келеді. Тәуелсіз Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы 23- қарашада орнатылды. Екі мемлекет арасындағы тату көршілік қатынастарды растайтын басты құжаттардың бірі 1998 жылғы 31 қазанда Ташкентте қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мәңгілік достық туралы келісім-шарт. Оны Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы  Түркістанға Өзбекстан президенті Ислам Каримов сапармен келгенде айтқан мына сөзін бағдар етуге әбден болады: 

Сонау алыс замандардың өзінде де біздің бабаларымыз тарихтың шешуші кезеңдері мен сын сағаттарында осы арада бас қосып, болашақ жөнінде осы арада пәтуаласқан. Күллі Шығыс әлеуметі имандай ұйитын ұлы ғимараттың ішінде айтылған серт пен уәдеге болаттай берік болған. Сол дәстүрден айнымау – біздің де парызымыз. Өйткені біздің мойнымызға тағы да заманауи заңғар жүк артылып отыр. Білекке білек, жүрекке жү­рек, тілекке тілек қоса білсек, сонда ғана алда тұрған сын белес­тен абыройлы өте аламыз, - деді экс-Президент. 

Дәстүр мен әдет-ғұрыптары

Шығыс халқында дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Кейбір дәстүрлі рәсімдер ғасырлар бойы тамыр жайып келе жатқанына қарамастан, олар бүгінгі күнде де өзекті болып қала береді. Ата-бабаларымыздың салт - дәстүрлерін құрметтеу өзбек халқы үшін жай ғана сөз емес, бұл этностың бүкіл өмірі. Ерте жастан бастап балаларды үлкендерді құрметтеуге, қоғамға лайықты мінез-құлық көрсетуге, білім мен еңбекке деген сүйіспеншілік тәрбиеленеді.

Қазақ және өзбек этностарына тән ерекшеліктердің бірі - қонақжайлылық. Келген қонақтарды дастарханға  шақырмау немесе оларды дұрыс қабылдамау  қазіргі күнде де   көргенсіздік болып саналады. Және қонақтар үйге құр қол келмейді - үй иелеріне тәттілер немесе кәде сыйлар әкеледі. Қонақтардың отыруының да өзіндік мәні бар, адам неғұрлым құрметті немесе  жасы үлкен болса, дастарханның төрі сол кісінікі. Үстелге әрқашан үйдегі ең жақсы тағамдар ұсынылады, ал сіз тамақтануды қысқа дұға қайыру немесе тамақтан алдын бір кесе  шай ішу сияқты рәсімдерді орындағаннан кейін ғана бастай аласыз. Тамақтану шай ішу арқылы басталып, шай ішумен аяқталады. Осындай ғана кішігірім әдеттерімізден қарап-ақ қазақ пен өзбектің қандай жақын бағыттас елдер екенін аңғаруға болады, - дейді  Өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы