Өз ісіне адал болсаң, кәсібің дамиды
Ауылда жатып-ақ үйде өзінің кондитерлік өнімдерін жасап, кейін үлкен цехке айналдырған кәсіпкер келіншек, ісіне адал азамат Жанар Дәулетхан нағыз ұлт жанашыры. Ол 15 адамды жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
BAQ.KZ: Жанар ханым, Мемлекет басшысы айтқан «адал азамат» ұғымына адал кәсіпкер де жатады. Бұл тәлімді тіркесті сіз қалай пайымдайсыз?
Жанар Дәулетхан: Қазір кез келген дені сау адам үшін мүмкінік көп. Жеке кәсіп бастап, өз ауылыңызға, болмаса өз отбасыңызға, тіпті аудан жұртына жәрдемдесем десеңізде ешкім сіздің қолыңыздан қақпайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты баяндамасында «Қазақстанның қарышты қадамын» жасауға біздің толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады. Басқа-басқа, бірақ дәл осы жерде батыл қимылдап, құлашымызды кең сермеуден қорықпау керек. Әрине, мұның бәрі қатып қалған қағида емес. Алайда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар бола алады» деген еді. Мен осы сөзді әлі ұмытқан жоқпын. Өз ісіне адал болсаң, кәсібің дамиды, несібең артады.
BAQ.KZ: Үй ішінде тәтті тоқаштар пісіріп, артынан үлкен цехқа айналдырдыңыз. Бұл деңгейге қалай жеттіңіз?
Жанар Дәулетхан: Әуелде үй ішінде шағын тапсырыстарды орындап жүрдім, артынан сұраныс ұлғайған соң үлкен цех ашуды көздедім. Кейін Үшарал қаласынан бос тұрған ғимаратты жалға алып, кәсібімді кеңітуге кірістім. Осылайша «Ас үйі» деген логотип жасап, ары қарай өзімнің кондитерлік өнімімді дамытудыға тырыстым.Әрине, бәрі оңай болған жоқ. Отбасын қолдады. Одан кейін мемлекеттің қолдауымен «Даму» қорынан төменгі пайызбен несие алып, жұмысымды ілгерлеттім. Жеке ғимарат сатып алып, оны кондитерлік цехқа айналдырдық. Тіпті ішінен асхана, күнделікті халық тұтынатын тауарлар сататын дүкен аштық. Бүгінде 15 отбасыны жұмыспен қамтып отырмыз. Көмек сұраған кісінің қолынан қаққан емеспін. Шама бар жерлестеріме жәрдемдесуге тырысамын. Кәсіпті одан әрі дамыту үшін қосымша форумдарға қатысып тұрамын.
BAQ.KZ: Форум дегеннен шығады, жақында Астана қаласына Қазақстанның ауыл әйелдерінің VII форумына барып келіпсіз...
Жанар Дәулетхан: Сондай республикалық форумдар арқылы кәсіпкер келіншектерге мемлекет тарапынан берілетін көмекті біліп келемін. Сосын кәсіпке пайдасына қарай, бағамдап, іске асырамын. Мәселен, қыз-келіншектердің бизнесін дамытуға арналған «Үміт» бағдарламасы арқылы несие алып, цехті одан әрі кеңейттік. Жалпы Үкімет тарапынан ер бала болсын, қыз бала болсын кәсіп ашуға ниетті жандарға қаржы беріледі. Тек оның көзін таба білу керек. Көп адамдар таныс-тамыр іздейді. Негізі олсыз-ақ таза ниетін болса кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады. Сол арқылы маңайындаға азаматтарға көмеккесеңіз, ісіңіз одан әрі жүреді.
BAQ.KZ: Қайырымылықпен де айналысатыныңыз да елге мәлім. Осы бағытта атқарған жұмыстарыңызға тоқталсақ.
Жанар Дәулетхан: Мен Алакөл ауданындағы іскер әйелдер кеңесінің мүшесімін. Осы көктемде орын алған қайғылы жағдай бәрімізідң қабырғамызды сөкті. Батыс Қазақстанда болған қайғылы оқиға кезінде кеңес мүшелерімен бірлесе отырып, алыстағы ағайынға қолдан келгенше көмектесуге тырыстық. Оларға әртүрлі азық-түлік жіберіп, керек-жрағына жәрдемтестік. Цехта жұмыс істейтін көпбалалы отбасылардың тілегін тыңдауға тырысамын. Бала бағу оңай емес, қажетті заттарын сатып алып береміз. Жағдай төмен отбасыларға азық-түлікпен, ақшалай көмектесеміз. Цех атынан мектеп оқушыларына арнайы форма, кеңсе тауарларын алып бердік. Біз кондитердік дүкенге әр жұма сайын бірінші келген сатып алушыға түрлі азық түліктер тегін беріп тұрамыз. Балалар күнінде тәттілер тегін тараттық. Ұлттық мерекелерде де тегін ас мәзірін ұсынамыз.
BAQ.KZ: Шыны керек, бұл игілікті істер сізді адал азамат ретінде үлгі етуге тұрарлықтай дүние. Шығынға батам деп ойламадыңыз ба?
Жанар Дәулетхан: Жоқ, ойлаған емеспін. Адамға көмектескен сайын, нәсібің артады. Мемлекет басшысы өз сөзінде «адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды» деген еді. Осы ойдан артық ештеңе айтуға болмас. Жанашырлық танытқан сайын, жанына жақсы азаматтар үйір болады.
BAQ.KZ: Әңгімеңізге, рақмет!