Өз әкесінің малын жымқырған түркістандық анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында өз әкесінің малдарын ұрлап, сатып жіберген ер адам анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында өз әкесінің малдарын жымқырған ер азаматты анықтады. Ордабасы ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғындардың бірі малдарын белгісіз біреу ұрлап кеткендігі жөнінде арызданған.
Яғни жәбірленуші азаматтың екі бас қошқары мен бір бас бұзауын жымқырып, жалпы 180 мың теңге шығын келтірген. Аталған дерек ҚК 188-1-бабы (Мал ұрлығы) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді. Ордабасылық сақшылар хабар алысымен орын алған оқиғаны ашуға бірден кірісті. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, көрген-білген куәлардан жауап алды. Сонымен қатар малдардың жайылып жүруі мүмкін деген аймақтардың барлығын мұқият тексерді.
Тау мен тасты кезіп, малдарды іздеуге жеке құрам қызметкерлері жұмылдырылды. Осылайша полиция қызметкерлерінің тиянақты қызметтерінің арқасында жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай күдікті ер адам жәбірленушінің баласы болып шықты. Яғни жігіт күндізгі сағат 15:00 шамасында үйінің ауласындағы жүрген малдарды ұрлап алып шығып, өзінің пайдасы үшін мал базарлардың біріне сатып жіберген, - делінген ақпаратта.
Ал түскен ақшаны қажеттілігіне жаратқан. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері малдарды жайылымдарда қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Қора-қопсыны мықтап қоршап, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға тапсыруға, үй жануарларын дер кезінде таңбалап, сырғалауға кеңес береді.