Ойын, эмоция және білім: Балалардың оқуға ынтасын қалай арттыруға болады
Қазіргі таңда педагогика саласы жан-жақты зерттеліп, дәстүрлі оқыту әдістерін жаңа тәсілдер алмастырып жатыр. Әсіресе балалардың білім алуға деген құлшынысын арттыруға қатысты ғалымдардың арасында сан түрлі көзқарас бар. USTAZ PRO кәсіби білім беру орталығының тренері, бастауыш сынып мұғалімі Алтын Аманова ғылыми зерттеулер мен ХХІ ғасыр баласының оқу қажеттіліктері жайлы әңгімелеп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ойын мен оқу
Ойын мен оқу бір-бірімен ұштаспайтын нәрсе сияқты көрінеді. Алайда заманауи педагогикада ойын мен оқуды ұштастыру арқылы оқушылардың ынтасын арттыруға болады деген пікірлер де бар.
Алтын Аманованың айтуынша, ойын түріндегі оқыту балалардың ізденісін, танымын арттыруға көмектеседі.
Балалар табиғатынан қоршаған ортаны тануға ұмтылады. Ғалым Питер Грей ойынның оқуға әсерін зерттей келе, ойын арқылы білім берудің жақсы нәтиже беретінін анықтаған. Қазақстандық мектептерде сабақтар көбіне дәстүрлі форматта өтетіндіктен, оқушылар көп қозғалмайды. Бір орында тапжылмай оқу – оқушылардың зейінін төмендетуі мүмкін, - дейді мұғалім.
Оның сөзінше, бала мектепте білім алып қана қоймай, сонымен бірге достарымен араласып, уақытты қызықты өткізгісі келеді. Мұндай тұжырымды әлемге танымал психологтар Михай Чиксентмихали мен Джереми Хантер айтқан.
Олар жалпы білім беретін мектептердің 6-12 сынып оқушылары арасында зерттеу жүргізіп, балалардың өзін қаншалықты бақытты сезінетінін зерттеген. Мектепте достарымен сөйлесіп, ойын ойнаған балалар өзін әлдеқайда бақытты сезінген, - дейді ол.
Алтын Аманованың айтуынша, ол осы зерттеу нәтижесін бастауыш сынып оқушыларымен жұмыста да қолданады.
ХХІ ғасыр мен Z ұрпақ?
Егер бала мектепте достарымен сөйлесіп, ойын ойнағанда өзін бақытты сезінетін болса, онда оқу барысына ойынды кіріктіруге болады деген ой келді. Біз бұған дейін ойынды оқудан бөліп келдік. Мысалы, бұрын мұғалімдер балаларға «дене шынықтыру сабағында ойнайсыңдар, сабақта қолымызда партаға қойып, түзу, тыныш отырамыз» дейтін. Иә, дәстүрлі білім беруде сабақта ойын ойнау жөн деп саналмайды. Десе де қазір оқушыларды ойын арқылы оқытуға және олардың психологиялық ахуалына бірте-бірте көңіл бөлініп келе жатқаны қуантады, - деп айтты мұғалім.
Көңіл-күй, қозғалыс және жағымды атмосфера
Алтын Аманова ойын арқылы оқытудың маңызы уақыт өте арта беретінін айтты. Өйткені түрлі зерттеулер ХХІ ғасырдағы оқушыларының басты қажеттіліктері қозғалыс, эмоция, ойлау мен үйрену тұрғысында қалыптасады.
Заман өзгерген соң, балалармен жұмыс та өзгеріске ұшырауы заңдылық. Қазіргі балалардың қажеттілігі осыдан 10, 20 жыл бұрынғы оқушылардың қажеттілігінен өзгеше. Бүгінгі балаларға қозғалыс қажет. Олар бір жерде тапжылмай оқитын болса, тез зерігеді, зейіні төмендейді. Сондықтан сабақ барысында оларға қозғалуға мүмкіндік беру керек. Қозғалыс кезінде мидың жұмыс істеу қызметі де, қан айналымы да жақсарады. Сол арқылы тапсырманы орындағанда да тез ойлана алады, - деп түсіндірді тренер.
Аманова атап өткендей, қозғалыстан бөлек, баланың эмоциясына да көңіл бөлу маңызды. Сынып ішіндегі жағымды атмосфера да ойлауды жақсартады. Сабақ тақырыбымен байланысты ойындар, не болмаса үзіліс кезіндегі ойындар балаға жақсы көңіл-күй сыйлап, сабаққа деген ынтасы мен қызығушылығын арттырады.
Ойын арқылы оқыту баланың ойлау және үйрену машықтарын қалыптастыра алады. Бала ойнап жүрмін деп ойлайды, алайда сол арқылы ойланып, жаңа нәрсені үйренеді. Десе де бұл ретте ойынды оқытудың басты құралы деп қарастырмаған да жөн. Өйткені мұғалім бірінші кезекте балаларға сапалы білім беруі қажет. Ал ойынды сол білімді оңтайлы жеткізу үшін оқу мақсатымен байланыстыруға болады, - деп толықтырды ол сөзін.