Ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті, отаншыл және адал азаматтарды тәрбиелеуіміз керек – Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында заманға сай ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті, отаншыл және адал азаматтарды тәрбиелеуіміз керек екенін жеткізді.
«Өздеріңіз білесіздер, қазір әлем аса жоғары қарқынмен өзгеруде. Өркениет көшінен қалып қоймау үшін заман талабына сай әрекет ету ұдайы маңызды. Адам капиталын дамыту – еліміздің конституциялық міндеті. Біз саналы, жауапкершілігі мол, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті, отаншыл және адал азаматтарды тәрбиелеуіміз керек. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуінің кепілі. Отаншылдық, еңбекқорлық, жасампаздық, өзара сыйластық, жанашырлық құндылықтарын кең ауқымда дәріптеп, қоғамымызда жаңарған этика қалыптастыруымыз қажет. Халықаралық ахуалды, соның ішінде дамыған елдерде болып жатқан соңғы оқиғаларды көріп-біліп отырсыздар. Расында Заң мен Тәртіп сақталмаса, татулық пен ынтымақ болмаса, ешқандай даму, қысқасы, төрт құбыламыз түгел болмайтыны айдан анық. Біз ауызбіршілігімізді сақтап, ортақ мүдде жолында біртұтас қоғам болып еңбек етсек, кез келген белесті бағындырамыз, барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін!», - деді Президент.
Айта кетейік, бұған дейін Президент қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады. Сондай-ақ, болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлт екенімізге тоқталды.
Мемлекет басшысы Қазақстанда жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асқанын жеткізді.
Сындарлы және жауапты сыртқы саясаттың арқасында еліміздің әлемдік абырой-беделі артып келе жатқанын да атап өтті.
Соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 триллион теңге бөлінгені айтылды.
Сонымен қатар, жеті жылда жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінді.