Қытайларды ою-өрнегіміз қызықтырды
Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Қытай Халық Республикасындағы «Жүн маркеті компаниясы» қоғамдық ұйымдар бірлестігі, Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасы, өңірлік жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары мен «Шеберлер мекені» тігін өндірісі қауымдастықтары өзара әріптестік ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл құжат Әулиеата өңіріндегі тігін нарығының ауқымы едәуір ұлғайтылуына жаңа мүмкіндіктер беретін болады.
«Бір белдеу – бір жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болған Қытай делегациясы аймақта өндірілетін қой жүні шикізатын сатып алуға айрықша қызығушылық танытуда. Олар алдымен «ПОШ Тараз» фабрикасының жұмысымен танысып, жүнді алғашқы өңдеу, жуылған жүнді қайта өңдеу, ТОПС өндіру барысын көрді.
«Қазақстанның жері де, елі де бай, байтақ. Әсіресе, жайылымдық аумағы мол әрі шөбі шүйгін. Жамбылдықтар үшін де биязы жүнді қой өсіруге қолайлы жағдайлар жасалған. Біле білгенге өндіріс үшін ең маңыздысы, бұл – шикізат. Біз де сіздерге жүн бағытындағы қой өсіруді дамытуды ұсынамыз», - дейді Ннкине қаласындағы «Жүн маркеті компаниясы» қоғамдық ұйымдар бірлестігінің төрағасы Хо Янь.
Меймандардың айтуынша, Қытайда биязы жүнді қойларды экспортқа шығаруға тыйым салынған.
«Алдағы уақытта қос тараптың билігі осы мәселеге назар аударып, қой тұқымын шекарадан өткізуді шешіп берсе деген ниеттеміз. Сонда біз қазақ топырағына уақ малдарымызды әкеліп, оларға күтім жасау әдіснамасын оқытып, үйрететін едік», - дейді делегация жетекшісі.
Бұдан кейін топ мүшелері «Айвенго» ЖШС тігін фабрикасына барды. Кәсіпорын жоғары сапалы заманауи тігін өнімдерін шығаруға мамандандырылған.
«Қытайлықтарды осындағы «Дана-Дель» тігін ательесінің жұмысы айрықша таңқалдырды. Шеберхананың жұмыс істей бастағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Негізі ұлттық киімдер тігумен айналысамыз. Осы тұрғыда қытайлық кәсіпкерлер қазақтың ұлттық ою-өрнектеріне айрықша қызығушылық танытып, өздерінде бар заманауи техника түрлерін жарнамалады», - дейді фабрика директоры Любовь Попова.