Ойды сан-саққа жүгірткен онлайн сабақ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда қоғамымызда болып жатқан қарусыз соғыс білім саласына да өзіндік зардаптарын тигізіп жатыр. Он күннің ішінде талай мәлімдеме қабылданып, білім беруге қатысты түрлі ой айтылуда. Ал осы өзгерістерге мұғалімдер, ата-ана мен оқушының көзқарасы қандай?
Әр тараптың өз айтар ойы бар. Біреуі онлайн сабақты қолдаса, енді бірі мүлдем керек емес дейді. Ұстаздық қызметте 1 жыл қызмет атқарып жүрген Мәншүк Ерсаинова Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласындағы Әбу Досмұханбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазіргі індеттің таралуына байланысты ұстаздардың барлығы кез келген жағдайға дайын болу керектігін атап өтті. Оқушылармен кері байланыс жасап, ұстаздарға жүктелген барлық міндеттемені орындаулары қажет дейді.
Жұрт сияқты есеңгіреп, жұрт сияқты бір ұйықтап, бір ояну үстіндемін. Ал қазір білім және ғылым министрлігінің шығарған мәлімдемесімен таныстық. Заман алапатынан болған зардаптарға мұғалімнің де, оқушының да, ата-ананың да кінәсі жоқ әрине. Барлығы заңға бағынады. Шыққан жаңа үкім бойынша ұстаздар жұмысын жаңадан бастайды. Енді "маршрут парағы", "қосымша сабақ", "kundelik.kz" және тағы басқа сияқты мәселелер үйіле бастады. "Маршрут парағы" керек деп жатқандар үлгісін жіберіп, басқалар да жасасын дегендей ұжыммен бөлісуде, керек емес дегендер басқа жолдарын іздеуде. Тамтығы жоқ оқу үрдісі ертең басталады. Не жөн жоқ, не жоба жоқ. Құдай-ай, ештеңе енді өзгермесінші деп тілеп жүрміз. Жас мұғалім біздерге жаңадан бірдеңе шықса, ұғып алуымыз оңай, ал зейнет жасындағы мұғалімдер не істейді? Тірі жан тіршілігін қылады, ал мұғалімдер тіріл десе тіріледі, өл десе өледі, бір күнде кітап шығар десе, оны да істейді. Мысалы, бүгіннен бастап оқушылар "Балапан" және "Ел арна" телеарналарынан білім алып жатыр. Қазіргі таңда бізге кесте жіберілді. Олардың барлығын оқушыларға тараттық. Бір жағынан оқушылардың бір жерден білім алғандары дұрыс шығар деп ойлаймын, - дейді жас ұстаз.
Осы орайда, оқушылар да үйде отырып, өз білімдерін дамыту үстінде. Айдана Асылбекова №80 мектептің 11 сынып оқушысы. Мектеп бітіріп, ҰБТ тапсырамын деп жүрген оқушы бүгінде алдағы болатын сынаққа қатты алаңдаулы. "Қашықтан берілген оқу тапсырмаларын орындап, мұғалімдермен кері байланыс үстіндемін" дейді мектеп бітіруші.
Мен биыл мектеп бітіремін. ҰБТ қалай болады екен деп қобалжып жүрмін. Және соған қарқынды түрде дайындалып, күнделікті интернеттен керек ақпарттарды алып, оқып жүрмін. Мен үшін қашықтықтан оқыған дұрыс. Себебі мұғалімнің түрін көрмесең де тапсырмаларын алып, олардың жауабын қайтадан кері байланыс жасап береміз. Ал онлайн сабақтар да болды. Өз басыма ұнамады. Желі дұрыс істемеді ме, менің ұялы телефоным істемеді ме, әйтеуір мұғалімнің сөзін бір естіп, бір естімедік. Оның үстіне кейбір оқушылардың отбасындағы кішкентай бүлдіршіндер шулап, бір сөзбен айтқанда дұрыс өтпеді. Сондықтан көбінесе қашықтан оқыту дұрыс деп есептеймін. Керек сауалдарымыз болса, WhatsApp желісі арқылы мұғалімімізге жазып сұрап отырамыз, - деп өз ойын білдірді оқушы.
Еңбек өтілі 40 жылға толған Биғайша Тоқымбаева зейнеткерлікке шықса да, әлі күнге дейін оқушыларға сабақ беріп, өз білімімен бөлісіп жүр. Алайда, қазіргі оқу бағдарламасы қарт ұстаздарға бірнеше қиындық туғызып жатқанын атап өтті. Ұстаз карантин кезіндегі оқу жүйесі мүлдем қиынға соққандығын да алға тартты.
Зейнеткерлік жасқа жақындаған мұғалімдер үшін онлайн оқытудан гөрі қашықтықтан оқытқан оңайырақ деп ойлаймын. Қазіргі кезде бірнеше платформалар қашықтықтан оқытуға орай өз қызметтерін тегін ұсынуда. Мысалы, "Daryn online" деген платформада сабақтар өте жақсы түсіндірілген. Оны ашып оқыған оқушы сабақтың тақырыбын бірден түсінеді. Сондықтан мен неліктен осы платформада тапсырманың орындалуына нұсқау беріп қана отырмаймын?! Меніңше, осы бағыт дұрыс. Ел дүрлігіп жатқан "маршрутный лист" бұрында болған, қазір де бар, тек атауы ғана ауысты. Қазір неше түрлі бағдарламалар бар. Таңдау көп болған сайын адасу көп болады деп ойлаймын, - деді тәжірибелі ұстаз Биғайша Тоқымбаева.
Төрт баланың анасы Нұргүл Асылханова ұстаздардың мектепте берген біліміне қазіргі карантин кезіндегі беріліп жатқан білім жүйесі сәйкес келмейтінін айтты. Үйде алған білім басқа, мектепте алған білім мүлдем бөлек екендігін баса атап өтті ата-ана.
Әрине, қазіргі балалардың оқып жүргені мектептегі алған білімге жетпейді. Мұғалім мектепте басқаша, ал онлайн режимде басқаша үйретеді. Қазір үйде отырғандықтан ата-ана ретінде қашықтан оқу жүйесін қолдаймын. Онлайн болғанда дұрыс шығар. Тек 10-15 минут болса жеткілікті. Өз басым төрт баланың анасымын. Оның үшеуі оқушы. Кішкентайым 1-сыныпта, ортаншымыз 9-сыныпта, ал үлкенім 11-сыныпта оқиды. Және қазіргі уақыттағы карантинге байланысты үшеуі де үйде оқып, білім алып жатыр. Қазіргі балалар бақытты. Әрбіреуінің өз гаджеттері бар. Таңертең тұра салысымен үшеуі интернетті қосып, өздеріне қажет платформадан білім алады. Кей күндері мұғалімдермен байланысқа да шығады. Менің ойымша, карантин кезінде ата-аналар балаларының сабақтарына көп көңіл бөле бастады. Яғни бірлесіп жұмыс жасап, баласының қандай деңгейде оқып жатқанын білді деп ойлаймын. Балалар да соған байланысты білмегенін ата-анадан сұрап, көңілі басқа жаққа бөлінбей, бөлінсе де мектептегідей жүгірмей, алыспай, зейіні тек қана сабақта болады, - дейді көбалалы ана.
Қорыта келе байқағанымыз, үш тарап та қашықтан оқуды қолдайды. Бұл тек қана уақытша оқу жүйесі. Карантин аяқталған соң барлығы өз қалпына келіп, оқушылар тисінше, мектепте оқып білім алады, ал ұстаздар бұрынғыдай оқу бағдарламасымен сабақ беретін болады.