«Оян, қазақ» сөзі «Оян, қазақ» идеясына айналды – профессор
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Ақ жол» Демократиялық партиясының ұйымдастыруымен өткен «Оян, қазақ» атты онлайн конференция барысында белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсәмет Міржақып Дулатұлы жайында айтылар әңгіме көп екенін айтады.
Бүгін қазақтың ұлы перзенті Міржақып Дулатұлы 135 жасқа толып отыр. Бұл қазақ үшін елеулі оқиға деп білемін. Себебі, 100 жыл бұрын Міржақып бабамыз:
«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты», деген екен. Сол «Оян, қазақ» сөзі «Оян, қазақ» идеясына, «Оян, қазақ» кітабы қазақтың саяси манифестіне айналды. Міржақыптың өлеңдері жапон, түрік тілдеріне аударылған. Бізде «Оян, қазақ» болса, оларда «Оян, жапон», «Оян, түрік» болып аударылған. Тіпті 90-жылдары Уямо Томохико деген азамат Жапонияда Міржақып Дулатұлына арналған диссертация қорғады. Міржақып Дулатұлы жайында айтылар әңгіме көп. Алғашқы қазақ тіліндегі роман жазған автор, алғашқы алгебра, математика, қай салада болса да биіктен көрінген азамат. Алашордадағы ең жарқын образ – Міржақып, - дейді ол.
Ғалым Міржақып Дулатұлы Соловецкий лагерінде жүрген кезінде түрік-орыс сөздігін жасағанын айтты.
Түрік тілі қазақ, өзбек, әзербайжанға ортақ тіл. Түркі тілдес ағайын орыс тілін білмейтін. Лагерьде тіл білмеу өте қиын болған. Сол себепті Міржақып 4 дәптер жазған. Оның үшеуі шығарылған да, төртіншісі жоғалып кеткен екен. Кейін Міржақып қайтыс болғаннан кейін барлық заты, құжаты еліне жеткізілді. Негізі Алаш арыстары жайлы әңгіме бірер минутқа сыймасы анық. Осы 30 жылда Алаш қайраткерлерінің кітаптары да жарық көрді, олар жайлы фильмдер де шығарылды, мектеп бағдарламасына енді. Қазақ барда, Міржақыптар бар, - дейді профессор.
Айта кетейік, бұған дейін «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев қазақ елі үшін Алаш идеясынан артық идея, ұстаным жоқ екенін мәлімдеген болатын.