Бүгiн 2026, 11:01 Фото: pixabay.com

Овербукинг дауы: FlyArystan жолаушыны артық сатылған билетке байланысты ұшаққа мінгізбеген

Мұрат Әбенов Азаматтық авиация комитетін шара қолдануға шақырды.

Әлеуметтік желілерде FlyArystan әуе компаниясының Өскемен – Астана бағыты бойынша рейсінде болуы мүмкін овербукинг жағдайы қызу талқыланып жатыр. Талқылауға себеп болған – желі қолданушысының жазбасы. Ол анасының қолында жарамды билеті және тіркеуден өткенімен, ұшақ бортына жіберілмегенін айтқан, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әңгіме ұшу уақыты 19:45-ке жоспарланған FS7373 рейсі туралы болып отыр. Жазба авторының айтуынша, жолаушыға ұшақта орын жетпеген, себебі сатылған билеттер саны орын санынан көп болған. Сонымен қатар оған ең жақын рейске қайта отырғызу немесе мәселені шешудің өзге баламалы жолдары ұсынылмағаны айтылған.

Бұл жағдайды сынға алған Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мұны заң талаптарына қайшы құбылыс деп бағалады.

Оның айтуынша, овербукинг тәжірибесі әлемде бар. Себебі жолаушылардың шамамен 4 пайызы рейстен бас тартады. Мұндайда бос орындар пайда болып, ұшақтағы орындар толмайды, ал авиакомпаниялар жанармайды артық жұмсайды.

Алайда азаматтардың құқықтары құрметтелетін елдерде бұл жүйе барлық тарапқа тиімді болатындай етіп реттелген. Компаниялар артық билет сата алады. Бірақ егер соның салдарынан бір жолаушы рейске мінбей қалса, оған билет құнынан бірнеше есе көп өтемақы төленеді. Мысалы, АҚШ-та мұндай жағдайда шамамен 1700 доллар көлемінде өтемақы беріледі және жолаушыны ең жақын рейске отырғызады.

Депутаттың мәлімдеуінше, Қазақстандағы жағдай өзгеше. «Эйр Астана» компаниялар тобының басшысы Питер Фостер өз компаниялары үшін жолаушылар құқығын шектейтін ережелерге қол жеткізген. Сын айтушы мұны «құл иеленушілікке ұқсас» қағидалар деп сипаттады.

Ал бізде мақтаулы Питер Фостер өз компаниялары үшін «құл иеленушілікке ұқсас» ережелерді енгізіп алды: қалағанын істейді. Азаматтық авиация комитетінен шұғыл түрде шара қабылдауды талап етемін. Вице-министр Ластаевқа жеке сәлем – кездесуде бұл мәселені 1 сәуірге дейін шешемін деп уәде берген едіңіз. Әлде күннің өзі әсер етті ме? – деп жазды депутат.

Осыған байланысты ол Азаматтық авиация комитетінен шұғыл түрде шара қабылдауды талап етеді. Сондай-ақ вице-министр Ластаевқа да үндеу жолдап, кездесуде бұл мәселені 1 сәуірге дейін шешуге уәде берілгенін еске салды. Автор бұл уәде орындала ма деген күмәнін де білдірген.