Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Елбасы аманаты: елдіктің жеті тұғыры» конференциясында айтылды.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы «Білімге талпыну мен еңбек – салауаттылық кепілі» құндылығын аша отырып, бүгінгі таңда білім және ғылым саласының алдында үлкен мемлекеттік және қоғамдық міндеттер тұрғанын атап өтті.

Оның мәлімдеуінше, отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Олардың алдыңғы шебі орда бұзар отызға толып отыр. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын, сондықтан бүгінгі таңда кәсіби деңгейі жоғары интеллектуалды ұлттың жаңа ұрпағын тәрбиелеу мен тәрбиелеу өте маңызды.

Тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттілікті нығайту – біздің болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз. Олар аға буынға қарағанда өзгеше. Білім мен еңбек - «Елдіктің жеті тұғырдың» әлеуетті бағыты. Мұны да тиянақтау мен тұлғаландыру – жаңа буынға аманат. Мысалы, бүгінгі білімнің мәні, құны неде?- деді ол.

Сондай-ақ академик оқу орындарының басты міндеті - жастарға білім берумен қатар, олардың әлеуметтік бейімделуіне, еңбекке жұмылуына және шыңдалуына, батыл тәжірибе мен тағылымдамасына мүмкіндіктер туғызатын орта екенін айтты.

Бұл - өте күрделі үдеріс. Әрбір шәкірт алған білімін күнделікті өмірде, әлеуметтік ортада, қоғамда қолдана білу керек. Яғни, жастардың әлеуметтік бейімделуге қабілеттілігі теориялық біліммен сабақтастырылып, қатар өрілуі тиіс. Біздің әрбір оқытушымыз оқу үдерісінде осы сабақтастық талабын, еңбектің түрлі заңдылықтарын түсіндіре білуі қажет, -деп атап Дихан Қамзабекұлы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы