«Отписка» жасауды қашан тоқтатасыздар? – Әлтай Үкіметке депутаттардың датын айтты
Депутат Аманжол Әлтай Үкіметке Парламент депутаттарының датын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрметті үкімет мүшелері, төрт көз түгел отырғанын пайдаланып, бүгін сіздерге Парламент депутаттарының датын жеткізгім келеді. Біз әрбір апта сайын құйрық жалын түйіп, аманаттап, сіздерге депутаттық сауалдар жолдаймыз. Өкінішке қарай, сол депутаттық сауалдардың көбінесе қанағаттанарлық жауап ала алмай келе жатырмыз. Халықтың ішінде депутат айта береді, Үкімет өз білгенін істейді деген сөз мәтелге айналып бара жатыр, - деді Мәжіліс депутаты.
Ол Мемлекет басшысының «Халық үнін еститін үкімет Үкімет» қалыптасуы керек деп айтқанын еске салды.
Депутаттардың әрбір сауалының астында халықтың үні, талап, тілегі, тағдыры жатқан жоқ па? Құрметті үкімет мүшелері, «отписка» жасауды қашан тоқтатасыздар? Осы үкімет мүшелері атынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың уәдесін естігіміз келеді, - деді Әлтай.
Өз кезегінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр депутаттық сауалдарға Үкімет мұқият қарайтынын айтты.
Депутаттық сауалдарға тоқталайын. Оларды біз мұқият қараймыз. Премьер-министр, Премьер-министрдің орынбасары деңгейінде сауалдарға толық жауап беруге тырысамыз. Қандай бір мәселе туындаса, Премьер-министрден бастап, Үкіметтің барлық мүшесі кез келген уақытта сөйлесуге дайын, - деп айтты Скляр Мәжілісте.