Өтпелі кезеңнің қиындығын еңсере білдік – Татьяна Басан
Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Ел Тәуелсіздігімен бірге қайта түлеп, еңсесін тіктеген Көкшетаудағы «Арман» тоқыма фабикасының өнімдері отандық нарықта ғана емес, ел аумағынан тысқары жерлерде де танылып үлгерді.
Кәсіпорын директоры Татьяна - тоқыма өндірісінің қыр-сырын бүге-шігесіне дейін білетін мамандардың бірі. Бүгінгі мұндағы бұйымдар жаңа заманға лайықталған, сапалы, ыңғайлы етіп тігілген. «Арман» трикотажы сапалы өнімді бағалайтын тұрғындар сенімінен шығып үлгерген.
30 жыл тарих үшін айтарлықтай ұзақ уақыт емес десек те, еліміз үшін елеулі өзгерістермен, жаңа бетбұрыстармен ерекшеленді бұл кезең. Тоқыма фабрикасы - өтпелі кезеңнің қиындығын жеңе білген өндіріс орындарының бірі. Сол себепті кәсіпорынның даму тарихын мемлекет тарихынан бөліп қарауға болмайды. Тоқыма фабрикасы жаңа кейіпке енді, жаңа сән үлгілеріне сай киім ассортименті көбейді. Осы уақыт ішінде «Арман» фабрикасы арнайы үлгілер бойынша мектеп формаларын, күштік құрылым қызметкерлеріне арналған жемпірлер, жакеттер, мойынорағыштар тігумен айналысып келеді. Біз тұтынушы көңілінен шығатын киім тоқуға тырысамыз. Күзгі-қысқы суықта жылы киім-кешекке тапсырыс беретін тұрақты клиенттеріміз көп. Әрине, бүгінгі киім нарығында сатып алушының таңдауына мүмкіндік мол. Дегенмен сапасы күмән туғызбайтын дәлелденген дүниені таңдау – өз еркіңізде, – дейді кәсіпорын директоры.
Өндіріс базасына тоқу және тігін цехтары, пішу, қабылдау салоны кіреді. «Арман» ЖШС-нің табиғи шикізаттан жасалған бұйымдары көп киіс береді, ыңғайлы, жуғаннан кейін түсі өзгермейді. Түстері де ерлерге, әртүрлі жастағы әйелдерге, балаларға арналған. Сапаға адалдық – кәсіпорынның негізгі ұстанымы.
Тоқыма кәсіпорны 1968 жылы жеке тігін фабрикасы негізінде құрылды. Уақыт өте келе Көкшетау облысының әр түкпірінде бес филиалын ашты. Сол кезеңде 300-ге жуық тоқыма шебері жұмыс істеді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары кәсіпорын үшін қиын кезең болды. Осы тұста барлық экономикалық байланыстар үзілді, шикізат жеткізілімдері тоқтады. Кәсіпорын ашылған күннен жұмыс істеп келе жатқан он бес шебер бірігіп Көкшетаудағы бұрынғы бас цех ғимаратын сатып алды. Осылайша тоқыма цехын сақтап қалдық, - деп еске алады кәсіпорын директоры.
Кәсіпорын оңтайландыру кезеңінде меншіктің бір нысаннан екіншісіне ауысуы сияқты реформаларды бастан кешірді. Қызметкерлердің жұмыссыз отырған күндері де болды.
Іс жүзінде тәуелсіздік алумен екінші тынысымыз ашылды. Жас мемлекетіміздің дамуымен кәсіпорнымыз да қайтадан аяққа тұра бастады. Бірқатар шебер жеке кәсібін ашуға талпынды. Әрине, қазіргі уақытта бизнес-бастамаларды қолдайтын бағдарламалар барында мұны батыл шешім деп айтуға болмас. Бастапқыда кәсібімізді дамыту сынаққа айналды – жұмыста тың тәсілдер, шикізат жеткізушілер, өткізу нарықтарын іздеу керек болды. Қазіргі уақытта біз тоқыма жібін Белорусиядан сатып аламыз. Әрине, бизнесті өрге сүйреу оңай емес. Осы орайда кәсіпорын мемлекет қолдауын сезінді. Жылдық 6-8%-дық жеңілдетілген несиелердің көмегімен жабдықтарды жаңартуға, айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік алдық. «Даму» қорымен ұзақ жылдардан бері ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз, - дейді Татьяна Басан.
Тігін фабрикасы қайта құрылғаннан бастап Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының мүшесі болды, «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында бірнеше рет үздіктердің бірі болып танылды, «Алтын сапа» республикалық конкурсының және «Қазақстанда жасалған» отандық өндірушілер тауарлары көрмесінің жүлдегері атанды. Кәсіпорын қайырымдылық акцияларын өткізіп алмауға тырысады.
Жеңіл өнеркәсіп саласында көп нәрсе өзгерді, жаңа талаптар пайда болды. Мысалы, индустриялық сертификат алу. Жабдықтар мен мамандардың болуын растаудан бастап, өндірістік үй-жай мен жер теліміне байланысты мәселелер өте маңызды. Бірақ бұл мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде көшірме жасап, бағаны төмендету арқылы тендерлерде жеңіп шығатын теріс пиғылды жеткізушілерден қорғау үшін қажет, - дейді кәсіпорын басшысы.
Пандемияның салдарынан тігін фабрикасының шағын дүкенінде өндірілген тауарларға сұраныс төмендеген, онымен бірге карантиндік шаралар да бизнеске кері әсер етті.
Біз тендерлерге қатысамыз, біздегі оқу орындары үшін ғана емес, мемлекеттік тапсырыс аясында басқа өңірлер үшін де мектеп формаларын тігеміз. Шынымды айтсам, ірі көлемдегі тапсырыстарды орындауда қиындықтар бар. Кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр, білікті мамандар жетіспейді. Жастар жағы сирек келеді. Мұндағы тігіншілер мен тоқымашылардың еңбегі ауыр, жұмыс істейтіндердің көбі зейнет жасына жетіп қалған жандар. Мысалы, тоқымашы Күләш Шәмшиева мен тігінші Вера Воробьева отыз жылға жуық еңбек етіп келеді. Білікті мамандар өтпелі кезең тұсында кәсіпорынды тастап кетпеді. Тоқыма жұмысы шыдамдылық, ұқыптылықты талап етеді. Соңғы жылдары елімізде кәсіпкер әйелдер әлеуетін арттыруға қолдау көрсетілетінін қуантады. Ең бастысы, ниет-мақсат болса, кедергілерден қорқудың қажеті жоқ. Қазір мүмкіндік мол, жеке кәсібін бастағандар қаржылық, құқықтық сауаттылыққа үйретіледі. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде біз түрлі қиындықтарды бастан өткере жүріп, үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, - дейді Татьяна Басан.