Өткен жылы Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту бойынша қанша адам оқудан өтті

2023 жылғы мамырдан желтоқсан аралығында Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту шеңберінде және еңбек ресурстары дағдыларын дамыту мәселелерінде консультациялық және әдістемелік қолдау бойынша 20 семинар өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, біліктілікті тану үшін кәсіптер тізілімі құрылды. Өткен жылы 219 кәсіптік стандарт өзектендірілді, қосымша 47 әзірленіп, бекітілді.

Барлығы мемлекеттік органдар, «Атамекен» одағы» ҰКП, қоғамдық және салалық кеңестер, қауымдастықтар, ЗТБ, жұмыс берушілер, кәсіподақтар, кәсіптік біліктілікті тану орталықтары мен білім беру ұйымдары өкілдерінен 1 198 адам оқытудан өтті.

Аталған жұмыс кадрлар даярлау мен еңбек нарығының байланысын қамтамасыз ету, кәсіптік біліктілікті тану жүйесін енгізу, Қазақстан азаматтарының кәсіптік мобильділігі мен жұмысқа орналасу деңгейін арттыру шеңберінде жүргізіледі.

Бұдан басқа, осы бағытты іске асыру үшін КБҰО көмегімен 2023 жылы 18 мемлекеттік органның жанынан 42 салалық кәсіптік біліктілік кеңесі құрылды, оның құрамына 700-ден астам адам кірді, оның 50 %-ы жұмыс берушілер мен қауымдастықтардың өкілдері.

КБҰО құрылған сәттен бастап тұрақты негізде отырыстар өткізіліп, онда ағымдағы міндеттер мен кәсіптік стандарттарды, салалық біліктілік шеңберлерін өзектендіру және әзірлеу, кәсіптік біліктілікті тануды енгізу және т.б. мәселелерін шешу жолдары талқыланып, іздестірілуде, – деп бөлісті КБҰО басшысы Ерасыл Жұманбаев.

Сондай-ақ, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің біліктілікті тану бойынша қызметтерді алу ыңғайлылығын қамтамасыз ету мақсатында ҰБЖ цифрлық платформасында кәсіптік біліктілікті тану орталықтарын аккредиттеу функционалы іске қосылды.

Азаматтарға кәсіптік біліктілікті тану жүзеге асырылатын кәсіптер туралы дұрыс ақпарат беру үшін ҰБЖ цифрлық платформасында кәсіптер тізілімі қалыптастырылып, орналастырылды. Оған 513 мамандық енгізілді, оның 136-сы бойынша біліктілікті тану міндетті негізде және 377-сі ерікті негізде жүзеге асырылады.

Сонымен қатар ҰБЖ платформасының маңызды бағыттарының бірі – жасанды интеллектті енгізу арқылы ҰБЖ платформасында Білім беру бағдарламаларының тізілімін қалыптастыру үшін Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялануы. Бұл өз кезегінде кәсіптік стандарттардағы өзгерістерге неғұрлым жедел ден қоюға және оларды білім беру бағдарламаларына бейімдеуге мүмкіндік береді.

Өткен жылы мемлекеттік органдар 1 329 кәсіпті қамти отырып, 219 кәсіптік стандартты өзектендірді, 148 кәсіпті қамти отырып, 47 кәсіптік стандарт әзірленіп, бекітілді. КБҰО 223 кәсіптік стандарт жобасы бойынша оң қорытынды берді, ал 232 кәсіптік стандарт мемлекеттік органдарда жасалу барысында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Өзгелердің жаңалығы