Өткен жыл экономикалық өсудің берік негізін қалады – Дәленов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдың қорытындылары ағымдағы жылғы экономикалық өсудің берік негізін қалайды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкіметтің онлайн отырысында айтты. 

Министр елдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.

Өткен жылы экономика дамуының негізгі факторлары экономиканы қолдаудың ауқымды шаралары, өндіруші емес секторлардағы инвестициялық белсенділік, нақты сектордың өсуі және сауда балансының оң сальдосы, сондай-ақ экономиканы кредиттеудің ұлғаюы болды, - деді ол.

Оның айтуынша, 2020 жылы нақты сектор экономикалық драйверге айналып, 2%-ды құрады. Көрсетілетін қызметтер саласы үшін жыл минус 5,6%-бен аяқталғанмен, соңғы айларда динамика орныға бастаған. Нәтижесінде, ЖІӨ өсу қарқыны минус 2,6%-ды құрады. Бұл 11 айдағы динамикадан жоғары.

Нақты сектор салаларының көбі дерлік және жекелеген қызмет түрлері оң өсу қарқынын көрсетті. Олар құрылыс (11,2%-ға өсу), ақпарат және байланыс (8,6%), ауыл шаруашылығы (5,6%), өңдеу өнеркәсібі (3,9%) және білім беру (2,3%) салалары.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, экономика құрылымының сапалы өзгеруі орын алды.

2020 жылы өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі өңдеудің үлесі 9,4 пайыздық тармаққа, яғни 2019 жылғы 39,4%-дан 2020 жылы 48,8%-ға дейін артты. Жеңіл өнеркәсіптің, автомобиль жасаудың және дайын металл бұйымдарының екі мәнді өсуі байқалады. Өңделген, дайын тауарлардың экспорты ұлғайды.

Өндірістің өсуінің арқасында жалпы тұтынудағы қазақстандық тауарлардың үлесі 4,7 пайыздық тармаққа өсті.

Электрондық сауда үлесі 6 пайыздық тармаққа, қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2 есеге, сондай-ақ кен өндіруді есепке алмағанда инвестициялардың 14,8%-ға өскені байқалады.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі зардап шеккен салалар үшін ынталандыру шаралары қабылданғанын айтқан болатын. Оның сөзінше, өткен жылы нақты сектор экономиканың драйвері болды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы