Өткен аптада азық-түлік тауарының 8 түрі арзандады
27 шілдеде вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте елдегі азық-түлік қорлары мен бағалардың жай-күйі қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өткен аптаның қорытындысы бойынша азық-түлік тауарының 8 түрі арзандады. Жұмыртқа-0,7%-ға, айран – 0,5%-ға, сары май және қарақұмық жармасы – 0,4%-ға, күріш пен ұн – 0,2%-ға, қант пен мүйіз – 0,1%-ға арзандаған. Нан, сүт, сүзбе, сиыр еті және тұз бағасының орташа индексі тұрақты.
7 өңірде баға индексі тұрақты – олар Алматы қаласы, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Жетісу облыстары. 6 өңірде бағаның төмендеуі байқалады. Ұлытауда баға 0,4%-ға, Шымкент және Павлодар облыстарында 0,2%-ға, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында 0,1%-ға азық-түлік тауарлары арзандаған", - деп хабарлады сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Маусымаралық кезеңде әлеуметтік көкөністердің бағасын тұрақтандыру үшін өңірлерде 137,9 мың тоннаға келісімшарттар жасалды. Аймақтардың басым бөлігі сәбіз мен пиязға, картоп пен қырыққабатқа күзгі-қысқы келісімшартқа отырды.
Сәбіз бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация келісімшарттары 22,1 мың тоннаны құрайды, бұл ұсынылатын қажеттілік көлемінің 115%-ы, пияз бойынша - 24,2 мың тонна (қажеттіліктің 169%), картоп бойынша - 74,3 мың тонна (94%), қырыққабат бойынша - 17,1 мың тоннаға (85%) келісім-шарт жасалды,-деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Жиынды қорытындылай келе, Серік Жұманғарин күзгі-қысқы көкөністерге арналған келісімшарт көлемі төмен өңірлерге бағаның өсуіне жол бермеу үшін форвардтық келісім-шарттар жасасу жұмысын күшейтуді тапсырды.