"Өтірік емес". Әуежайда қызды құтқарған Мұса Әбдірайым шындығын айтты

Кепілге алынған қызды құтқарып, қылмыскердің қолындағы пышақты тартып алған Мұса Әбдірайым өз әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ZTB мәліметінше, оқиға барысында батылдық танытқан азамат әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада көптің қолдауын сезініп жатқанын айтты.

Әркім әртүрлі сынайды. Бәрінің аузына қақпақ бола алмайсың. Бірі шексіз алғыс білдірсе, кейбірі кері пікір айтып жатыр. Бірақ ештеңе өтірік болған жоқ, менің де басым екеу емес, – деді ол.

Әбдірайым өзінің бұл әрекетін ерлік санамайтынын және басты мақсаты қызды аман алып қалу болғанын атап өтті.

Президенттің өзі қолдап, марапаттап жатқанына алғысым шексіз. Бірақ мен өзімді халық қаһарманы деп есептемеймін. Ең бастысы – қыздың аман қалғаны, – деді ол.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оның батылдығын ерекше атап өтіп, мемлекеттік наградамен марапаттаған еді.

Мұса Әбдірайым оқиғаның қалай өрбігенін де баяндады.

Күдікті маған «ер-азамат болсаң, кел» деді. Менің жалғыз ойым – қызды құтқару болды. Оны босатқаннан кейін ғана өзімді жеңіл сезіндім. Әңгіме барысында қаскүнем пышақты бос ұстағанын байқадым да, тартып алдым. Басында ұрсам ба деп ойлаған едім, – деп есіне алды ол.

Айта кетейік, Мұса Әбдірайым жақында Бүкіләлемдік бокс кеңесінің елшісі болып та тағайындалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы