Өтірік айтпай-ақ қояйық. Ринат Зайытов мектептегі күзетшілер туралы айтты
Депутат Ринат Зайытов Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде мектептегі қауіпсіздік жүйесін сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өтірік айтпай-ақ қояйық, күзетке бөлінген ақша мектепке дұрыс күзетші алуға мүмкіндік бермейді. Оның бәрі - өтірік. Алматының өзінде 10 500 шаршы метр ғимараттың күзетіне жылына 7-8 млн теңге ғана бөлінеді. 10 500 шаршы метрге жоқ дегенде 6 күзетші керек. Енді есептесек, айына 700 мың теңгедей ғана болып тұр. Мектеп инспекторын енгізу туралы ұсынысты өткен жолы да айтып едім. Оны ешкім қабылдамады, - дейді депутат.
Зайытов ІІМ-нен «Жасөспірімдермен жұмыс істеу қиын ба? Мектептің жанынан инспекторға бір бутка қойып беру қиын ба?» деп сұрады.
Бала кезімізде сондай (бутка - ред.) болатын. Оның алдында біреу шемішке шағып, түкірмейтін. Өйткені ол жерде «милиция отыратын» деп айтатын. Біз не болып қалды деп шошитынбыз. Қазір мектепте сондай үрей беретін ештеңе жоқ. Ол жерде (күзетте отырған - ред.) 60-тағы апалардан кім қорқады? Штат ашу керек пе? Осы ұсынысты қарастырайықшы, - деп айтты депутат.
Ринат Зайытов қауіпсіздік деген тек қана терезеден құлау, басына бірдеңе түсу емес екенін айтты.
Оқушылардың не істеп жүргенін, күнделікті тыныс-тіршілігін директорға іліп қоймақшысыздар. «Директорды, мұғалімді оқытамыз» дейсіздер. Директор мен мұғалімнің негізгі міндеті - балаларды оқыту. Тәрбие ісімен ары кетсе тәрбие ісі жөніндегі орынбасар айналысады. Оған қоса тәрбиемен айналысатын тағы бір адам болуы керек. Ол қайда барады? Әлеуметтік желілерде қандай топтарға қосылып отыр? Яғни балалардың өздерімен сөйлесе алатын адам болмаса, бәрі бекер сөз. 100 күзетші алсаң да, ешқандай нәтиже бермейді, - дейді депутат дөңгелек үстелде