"Өтінішім бар". Марқұм Шерзаттың әкесі мәлімдеме жасады
Атышулы Талғардағы бұзақылықта 16 жастағы ұлынан айырылған Қаржаубай Нұрымов мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрметті қазақ елі! Сіздердің алдарыңызда басымды иемін. Көп-көп рахмет сіздерге. Мені қолдап, балам үшін қол ұшын беріп жатырсыздар. Мен Қонаев қаласының Ішкі істер департаментінен келдім. Ол жерде іс оң жағынан қаралып жатыр. Бізге адвокаттар келіп көмектесіп жатыр. Марқұм болған Салтанаттың ағасының да көмегі бар, ол кісіге де алғысымды айтамын, - деді Қаржаубай Нұрымов.
Ол халыққа митингіге шықпаңыздар деп өтінішін айтты.
Ешқандай митингіге шықпаңыздар, қантөгіс болмаса екен. Бір шоғырланған адамдар келіп, сол сәтті дұшпандарым пайдалануы мүмкін. Көтеріліс жасап, мені аяқтан шалып, бауырыма қастандық жасай ма деймін. Сол себепті, халқым, өтініп сұраймын: еш көтеріліс керек емес! Өз қағидам – заң аясында дұрыс, әрі әділ шешім сұраймын. Артық ештеңе сұрамаймын. Шыны керек, қандай да бір ақпараттар болып жатса, өзім ғана бөлісемін. Видеожазба, аудиожазба, фотоларға сенбеңіздер. Ақылы түрде адвокат жалдауға тура келеді. Өзім үшін қорықпаймын. Кім келсе де, қандай жағдай болсын сөйлесе алам, өз басыма жауап бере алам. Ал отбасымның жеке қауіпсіздігі уайымдатады, - дейді марқұмның әкесі.
Еске сала кетейік, осыған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, бір адам қаза тапқаны хабарланған. Алматы облысының Полиция департаменті "Кәмелетке толмаған баланы өлтіру" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Жасөспірім өлімі туралы істі прокуратура да ерекше бақылауға алды.