"Өтінемін, керек емес": Оралда оқушыға жасалған қорлыққа полиция пікір білдірді
Әлеуметтік желілерде Орал қаласында мектеп оқушысының ұрып-соғылғаны бейнеленген видео тарады. Мәліметтерге сәйкес, бейнежазба өткен жылдың қазан айында түсірілген және онда №17 мектеп оқушысына жасалған кезекті қорлық көрініс тапқан. Сондай-ақ, оқиға сәтін шабуыл жасағандардың өздері түсіргені атап өтіледі.
BAQ.KZ тілшісі жағдайға байланысты түсініктеме алу үшін Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментіне жүгінді.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба бойынша Орал қалалық полиция басқармасына қарасты Абай полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру жүргізді. Аталған оқиғаның өткен жылдың қазан айында болғаны анықталды. Алайда бұл жайт бойынша полиция органдарына ешқандай арыз-шағым түспеген, - деп хабарлады департамент өкілдері.
Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Жасөспірімдердің ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін орындамауы фактісі бойынша материал жиналды. Барлық материалдар кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданды. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандар жасаған құқыққа қайшы әрекеттер туралы хабарламағаны үшін білім беру бөліміне қатысты ұсыныс енгізілді, - деп нақтылады ведомство.
Қазіргі уақытта жәбірленуші жасөспірімге қажетті психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, онымен Психологиялық қолдау орталығының мамандары жұмыс істеуде.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс те қозғалды. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында, - деп қосты БҚО ПД өкілдері.
Еске салсақ, Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №47 орта мектепте 9-сыныпта оқитын оқушы мектеп қабырғасында қайтыс болды. Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, бірінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде 9 «Г» сыныбының оқушысының жағдайы кенеттен нашарлаған.