Өте жиіркенішті көрініс – баспагер Дулат Исабековтың асында болған орынсыз жайт туралы айтты

Белгілі баспагер Бақытжан Бұқарбай жазушы Дулат Исабековтың асында ыңғайсыз жағдайға куә болғанын айтып, әлеуметтік желіде жазба қалдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бақытжан Бұқарбай жазушы Дулат Исабековтың жаназасы оқылып, асы өткен жиында Ханбибі Есенқарақызының сөйлеген сөзін сынға алған.

Қаралы жиындарда зиялы санатына жатқызып жүрген ағаларымыз бен апаларымыздың өзін ұстауы мен сөйлеген сөзі кейде "Бұл қалай сонда?" деген еріксіз ойға қалдырады. Бүгін Дулат Исабековтің асында сөз алған Ханбибі Есенқарақызы марқұмның артында қалған балаларына көңіл айтудың орнына, өзінің мемлекеттік сыйлық ала алмай жүргенін алға тартты. Бұл сөзі тым әдепсіз көрінді. Мереке Құлкенов жағдайды жұмсартуға тырысып, "Ендігі рет аласыз" деп әзілге бұрғанымен, мұндай әңгіменің дәл осы жерде айтылғаны ұят болды, - делінген жазбада.

Баспагер мұндай қаралы жиындарда тек естелік айтылуы керегін жазған.

Апамыздың бұлай ренжитіндей жөні бар ма екен деп желідегі ақпаратты қарап шықтым. Ханбибі ханымның алмаған марапаты жоқ екен: "Парасат" пен "Барыс" ордендері, "ҚР еңбек сіңірген қызметкері" атағы – бәрі бар. Сонда осындай жиында тағы бір марапат жайлы сөз қозғау қаншалықты қажет еді? Бұған дейін де осындай көріністер болған. Бір аста сөз алған Смағұл Елубай марқұм туралы бір жақсы естелік айтып немесе артында қалған ұрпағына жылы тілек білдірсе жарасар еді. Оның орнына, біраз уақытын қазіргі президентті мадақтауға арнады. Бұрынғы басшыны да дәл осылай дәріптеуші еді. Бұл өте жиіркенішті көрініс болды. Осы жазғаным аға буынға жетіп жатса, бір нәрсені ескеріңіздерші: аста біз сияқты жастар да отырады. Жәй ғана отырмай, жағасын ұстап, сіздер үшін испанша ұялып отырады…, - деді Бақытжан Бұқарбай.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы