"Өте жақсы": Трамп Иранмен Оманда өткен алғашқы келіссөзге баға берді
АҚШ президенті Дональд Трамп Омандағы Маскат қаласында өткен Иранмен жанама келіссөздерді "өте жақсы" деп атады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ол Вашингтоннан Флоридаға бет алған Air Force One ұшағының бортында журналистерге мәлімдеді.
Трамп Маскаттағы алғашқы байланыстарға көңілі толатынын айтты.
Бүгін біз Ресей және Украинамен өте, өте жақсы келіссөздер жүргіздік, сондай-ақ Иранмен де өте жақсы әңгіме болды. Иран келісім жасағысы келетін сияқты. Және олар мұны шынымен қалайды, – деді ол.
Президент аймаққа АҚШ-тың ірі әскери-теңіз күштері жіберіліп жатқанын еске салды. «Жуырда олар ол жақта болады. Немен аяқталатынын көреміз», – деп атап өтті ол, Вашингтон қажетті қадамдарды жасайтынын, алайда асығудың қажеті жоқ екенін жеткізді.
Егер Венесуэланы еске алсаңыз, ол кезде біз күте тұрдық. Қазір де асықпаймыз. Уақытымыз жеткілікті. Иранмен өте жақсы келіссөздер жүргізіп жатырмыз, – деді Трамп.
АҚШ-тың келіссөздер тобы – арнайы өкіл Стив Уиткофф пен өзінің күйеу баласы Джаред Кушнердің Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен кездесуі туралы пікір білдірген Трамп бұл кездесуді «жоғары деңгейдегі өкілдердің келіссөзі» деп атады.
Егер келісім болмаса, салдары өте қатаң болады. Әркім өз мүмкіндігін біледі, – деп атап өтті ол.
Трамп Иранмен өзара қолайлы келісімге қол жеткізгісі келетінін айтты. «Бірақ ең бастысы – ядролық қару болмауы тиіс», – деді АҚШ президенті.
Оның айтуынша, егер Тегеран билігі екінші президенттік мерзімінің алғашқы айларында талқыланып жатқан шарттарға дәл осылай оң көзқарас танытқанда, "екі ел арасындағы келісім әлдеқашан жасалар еді». «Қазір олар бұрынғыдан да келісімге мүдделірек" деп есептейтінін жасырмады.
Трамп келіссөздердің нәтижесін күту қажеттігін айтып, тараптардың келесі аптада қайта кездесуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Омандағы делдалдықпен өткен Маскаттағы келіссөздер сәтті бастама болғанын хабарлаған еді. Тараптар диалогты жалғастыруға келісіп, келіссөздердің жаңа кезеңін өткізуге ортақ ниет білдірген.
АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынастағы шиеленіс қаңтар айында Иранда басталған наразылық шерулерінен кейін күшейген. Сол кезде Трамп АҚШ наразылық білдірушілерді қолдау мақсатында әскери күш қолдануы мүмкін екенін айтқан.
Кейін Тегеран билігі наразылыққа қатысушыларға шығарылған өлім жазаларының орындалуын уақытша тоқтатқан соң, АҚШ президенті әскери нұсқаны уақытша кейінге қалдыратынын мәлімдеді. Осылайша ядролық бағдарлама мен аймақтық қауіпсіздікке қатысты ұзаққа созылған қақтығысты реттеу үшін дипломатия қайта іске қосылды.
Бұған дейін тараптар арасындағы алғашқы кездесу Ыстамбұлда өтуі тиіс болғаны хабарланған. Алайда Иранның өтініші бойынша келіссөз өтетін орын Маскатқа ауыстырылған.