Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейді?
Қазақстанда 2023 жылдан бастап Отбасының цифрлық картасы жұмыс істейді. Бұл құрал мемлекетке отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты бағалап, олардың қандай әлеуметтік қолдауға мұқтаж екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Бүгінде жүйе 6,2 млн отбасын немесе шамамен 20,4 млн адамды қамтиды. Ол 30 цифрлық жүйедегі мәліметті пайдалана отырып, қажетті ақпаратты автоматты түрде жинақтайды.
Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы отбасының жағдайын екі негізгі бағыт: материалдық әл-ауқаты мен өмірлік жағдайлары бойынша бағалайды.
Материалдық әл-ауқатты бағалау кезінде отбасының активтері, атап айтқанда, тұрғын үй, автокөлік, жер учаскесі және коммерциялық жылжымайтын мүлкінің бар-жоғы, кәсіпкерлік қызметке қатысуы, сондай-ақ кредиттік жүктемесі ескеріледі. Бұл ретте мүліктің бар-жоғы ғана емес, оның сипаттамалары да маңызды рөл атқарады. Мәселен, пәтер, автокөлік немесе шағын жер учаскесінің болуы отбасының нақты ауқатты екенін білдірмейді.
Сонымен қатар жүйе отбасы мүшелерінің жасын, балалары, мүгедектігі бар және созылмалы аурулары бар адамдардың болуын, сондай-ақ отбасының әлеуметтік жағдайына әсер етуі мүмкін өзге де өмірлік мән-жайларды ескереді.
Мысалы, екі отбасының табысы бірдей болғанымен, олардың тұрмыс жағдайы әртүрлі болуы мүмкін. Бір отбасында ата-ананың екеуі де жұмыс істесе, екіншісінде барлық отбасы мүшесін асырайтын тек бір адам. Оның үстіне отбасында кішкентай балалар немесе қосымша күтім мен шығынды қажет ететін мүгедектігі бар адамдардың болуы да қарастырылады.
Сондықтан Отбасының цифрлық картасы отбасылардың әл-ауқатын бағалау кезінде тек табысын ғана емес, сонымен бірге мүлкін, отбасы құрамын және өмірлік жағдайларын да назарға алады.
Жинақталған деректер негізінде отбасының әл-ауқат деңгейі санаттардың бірі бойынша айқындалады: жоғары, ауқатты, қанағаттанарлық, экономикалық осал немесе экономикалық және әлеуметтік осал.
Бұл ретте бағалау цифрлық жүйелерден түсетін жаңартылған мәліметтер негізінде тұрақты түрде жүргізіледі.
Отбасының цифрлық картасының басты мақсаты – әр отбасының нақты жағдайын барынша дәл бағалап, оның өмірлік мән-жайларын ескере отырып, қажетті әлеуметтік қолдауды ұсыну.
Айта кетейік, бұған дейін отбасының әл-ауқатына қатысты цифрлық отбасы картасындағы C, D және E санаттары нені білдіретіні туралы хабарланды.