Отбасының басқа мүшелеріне қатысты қылмыстық іс жоқ – Антикор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты. 

Барлығымызға түсінікті болу үшін атап өтейін. Қылмыстық іс қозғау үшін бізге құқықтық негіз керек. Отбасы мүшелері туралы айтып өттім. Қазір Қайрат Сатыбалдыұлы мен Гүлмира Сатыбалды бойынша қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Отбасының басқа мүшелеріне қатысты қылмыстық іс жоқ, - деді Сарқұлов.

Сарқұлов атағандай, күні кеше елордалық сот Қайрат Сатыбалдыны қамауда ұстауды 13 маусымға дейін ұзартты. 

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің баптары бар. Тергеудің өзге ақпаратын жариялауға тыйым салынады. Бұл істің қандай да бір мәліметін жасырып қалу дегенді білдірмейді. Бұл тергеуге кедергі келтірмеу мақсатында жасалады. Сондай-ақ адамдардың конституциялық құқығы да бар. Әлі шешім шыққан жоқ, сондықтан артық мәлімет айту орынсыз, - деді ол. 

Айта кетейік, 13 наурызда Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 13 наурызда "Қазақтелеком" АҚ қомақты қаржысын жымқырды және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген күдікпен Қайрат Сатыбалды(ұлы)ның ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамауға алынғанын хабарлады.

"Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін өзге де қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр" деп жазылған агенттік хабарламасында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы