Отбасыдағы кикілжіңге байланысты полицияға күніне 500-ден аса шағым түседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-әрекеттің 16 күндігі» халықаралық науқанының аясында ЕҚЫҰ ұйымдастырған «Гендерлік зорлықты болдырмау және әйелдердің әділ сотқа қол жетімділігін арттыру» атты халықаралық онлайн-конференциясы аяқталды.

Конференция Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның қолдауымен Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро, Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы, БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қоры және #НеМолчиKZ қоғамдық қоры бірлесіп  ұйымдастырды.  Конференцияға 80 ұлттық комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік органдар, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялар, үкіметтік емес ұйымдар және халықаралық ұйымдар өкілдері, сонымен қатар дағдарыс орталықтарының жетекшілері қатысты.

 Кездесуде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың қазақстандық және халықаралық тәжірибесі, оны ведомстволардың елеуі, дағдарыс орталықтарының қызметі, COVID-19 пандемиясы кезінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін жасалатын тиімді шаралар сөз болды.

 Мемлекеттің маңдайалды міндетінің бірі — зорлықпен күрес. Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамға кері әсер етеді. Қазақстанда бүгінде қолға алынып жатқан шараның бәрі қоғамда әйелдер мен балалардың құқығына қол сұғуды түбегейлі жою үшін жасалып жатыр - деді Ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова.
Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы өзінің қызметін атқару кезінде ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар кеңсесі  2020 жылы Қазақстанның  сегіз аймағындағы дағдарыс орталығының әлеуетін арттыруда. Бұл жерлерде қосымша орындар бөлініп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандарға жан-жақты көмек көрсететін мамандар тартылады.

Қазақстанда отбасындағы кикілжіңге байланысты полицияға күніне 500-ден аса шағым келіп түседі. Қоғамның міндеті сол — мемлекеттің, халықаралық қорларды, үкіметтік емес ұйымдардың көрсетіп жатқан көмегін әр отбасына жеткізу. Зорлық көргендермен ғана емес, агрессорлармен де кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізу керек. Зорлықтың тамырын бірлесіп қана үзуге болады, - дейді құқық қорғаушы, #НеМолчиKZ халықаралық қозғалысы көшбасшыларының бірі, конференция ұйымдастырушысы Дина Смаилова.

Бұл іс-шара Бағдарламалар офисінің қабылдаушы елге және азаматтық қоғамға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және онымен күресте қолдау көрсету бойынша ұзақ мерзімді жұмысының бір бөлігі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы