Отбасынан басталатын қауіпсіз қоғам: Қазақстанда бала құқығы қалай қорғалып жүр?
Қазақстанда мемлекет пен қоғамдық ұйымдар отбасы институтын нығайтып, балалардың құқығын қорғауға күш біріктіріп келеді.
Бір ғана отбасының ішіндегі келіспеушілік кейде бір баланың бүкіл тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін. Ажырасу, ата-аналардың өзара жанжалы, баланың психологиялық күйзелісі, буллинг, интернетке тәуелділік, суицид қаупі – мұның бәрі бүгінде тек жеке отбасының мәселесі емес. Бұл – мемлекет пен қоғамды қатар алаңдататын өзекті мәселе, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы жылдары Қазақстанда бала құқығын қорғау мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған жұмыстар жаңа деңгейге көтерілді. Мемлекет заңнаманы жетілдіріп, психологиялық қызметтердің аясын кеңейтсе, азаматтық қоғам нақты отбасылармен жұмыс істеуге ден қойып отыр. Осы екі бағыттың тоғысқан тұсында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тәжірибе қалыптасып келеді.
Осындай қоғамдық бастамалардың бірі – «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі.
Ұйым бірнеше жыл ішінде ата-аналардың психологиялық-педагогикалық сауатын арттыруға бағытталған республикалық қозғалысқа айналды. Бүгінде оның еліміздің 16 өңірінде филиалдары жұмыс істейді, ал қызметіне 142 мыңнан астам ата-ана мен 247-ден астам сарапшы тартылған. Бұл көрсеткіштер қоғамда мұндай қолдауға деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады.
«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы Гүлшат Серікбекованың айтуынша, ұйымның басты мақсаты – ата-аналардың жауапкершілігін күшейту арқылы саналы қоғам қалыптастыру.
Біздің мақсатымыз – қоғамда саналы мәдениетті қалыптастыру. "Болашақ сенің қолыңда" деген ұстанымды басшылыққа аламыз. Баланың тәрбиесіне ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі зор екенін түсіндіру – біздің негізгі миссиямыз. Әрбір ата-ана құмар ойындардың, суицидтік ойлардың немесе ерте жүктіліктің алдын алу үшін не істеу керектігін ойлануы керек. Біз ата-аналарға да, балаларға да осындай қауіптердің салдарын түсіндіріп, олардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеміз», – дейді Гүлшат Бақыткелдіқызы.
Оның айтуынша, ұйымның қызметі бір ғана бағытпен шектелмейді. Форумдар, семинарлар, ата-аналар жиналыстары, тәжірибелік кездесулер мен кеңес беру алаңдары арқылы қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға басымдық беріледі. Ұйым мектептермен, колледждермен, жоғары оқу орындарымен және мемлекеттік мекемелермен әріптестік орнатып, бала тәрбиесіне қатысты ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
Ата-аналардың сұрағы өзгерді
Психологтардың байқауынша, бүгінгі ата-аналардың алаңдаушылығы бұрынғыдан өзгеше.
Егер бірнеше жыл бұрын көпшілігі «баланы қалай тәрбиелеу керек?» деген сауалға жауап іздесе, бүгінде олардың көбі «баламның психологиялық жағдайы дұрыс па?», «неліктен мінез-құлқы өзгерді?», «неге мазасыз?» деген сұрақтармен мамандарға жүгінеді.
Соңғы уақытта сөйлеу және психикалық дамудың кешеуілдеуі, аутизм спектрінің бұзылыстары, мектептегі мазасыздық, буллинг пен кибербуллинг, әлеуметтік желінің бала психикасына әсері жөніндегі өтініштер айтарлықтай көбейген.
Мұндай жағдай еліміздің барлық өңіріне тән.
Мамандарды алаңдататын тағы бір мәселе – ата-аналардың баланың дамуындағы алғашқы өзгерістерді байқаса да, маманға кеш жүгінуі. Соның салдарынан ерте диагностика жасап, уақытында түзету жұмыстарын бастау мүмкіндігі қолдан шығып жатады.
«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Шәкизат Қаратайұлының айтуынша, қоғамда пайда болып жатқан жаңа қауіптер ұйым жұмысының бағытын да өзгерткен.
2023–2024 жылдары жұмысымызды қоғамдағы ең өзекті он бағыт бойынша жүйеледік. Олардың қатарында репродуктивті денсаулық, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, мектеп пен ата-ананың өзара тиімді байланысы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасын сақтау, ажырасудың алдын алу, отбасылық құндылықтарды нығайту, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, тұлғалық даму, құмар ойындарға тәуелділікпен күрес және суицидтің алдын алу бар. Әр бағыт бойынша пилоттық жобалар іске асырылып жатыр, – дейді Шәкизат Қаратайұлы.
Сарапшылардың пікірінше, осы мәселелердің басым бөлігінің түп-тамыры отбасы ішіндегі қарым-қатынастан басталады. Сондықтан бүгінгі күні ата-анамен жүйелі жұмыс жүргізу бала тәрбиесіндегі ең маңызды бағыттардың біріне айналып отыр.
Дағдарысқа түскен отбасыға дер кезінде қолдау не береді?
Отбасындағы жанжал баланың тағдырына әсер ете бастағанда мәселе тек екі ересек адамның арасындағы келіспеушілік болып қалмайды. Мұндай жағдайда әрбір шешім баланың болашағына ықпал етеді. Сондықтан бүгінде сот процестерінде психологтардың қатысуына сұраныс артып келеді.
Осы қажеттілікті ескере отырып, 2026 жылдың наурыз айынан бастап Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Отбасын психологиялық қолдау орталығы жұмысын бастады. Жоба «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Саналы ата-ана академиясы арқылы әлеуметтік әріптестік негізінде жүзеге асырылып отыр.
Аз ғана уақыттың ішінде орталық мамандары 70 сот ісіне психологиялық сүйемелдеу көрсетті. Бұл – тағдыры сотта қаралған 70 отбасы және ондаған баланың мүддесі.
Психологтар соттың тапсырмасымен әрбір отбасының жағдайын кешенді зерттейді. Олар іс материалдарын зерделейді, ата-аналармен және балалармен жеке сөйлеседі, олардың өзара қарым-қатынасын бақылайды, кейін сотқа ғылыми негізделген психологиялық қорытынды ұсынады.
Қажет болған жағдайда балалар процессуалдық әрекеттер кезінде де психологтардың сүйемелдеуімен қатысады. Мұндай тәсіл олардың қайта психологиялық жарақат алу қаупін азайтады.
Саналы ата-ана академиясының психологі Камила Тоқжұманованың пайымдауынша, мұндай жұмыстың түпкі мақсаты – сотқа көмектесу емес, баланың мүддесін қорғау.
Біздің басты міндетіміз – сот жүйесімен өзара іс-қимыл жасай отырып, әр отбасы мен кәмелетке толмаған балаға сапалы психологиялық қолдау көрсету. Әр істің мән-жайын жан-жақты зерттеп, соттың баланың ең жоғары мүддесіне сай шешім қабылдауына негіз болатын объективті әрі ғылыми дәлелденген психологиялық қорытынды әзірлеуге күш саламыз, – дейді Камила Тоқжұманова.
Орталық мамандарының тәжірибесі көрсеткендей, сотқа жеткен істердің басым бөлігінде бірдей мәселелер қайталанады.
Соның ішінде баланы туыстарының тәрбиесіне беру салдарынан ата-анамен эмоционалдық байланыстың әлсіреуі, баланың ата-аналар арасындағы жанжалдың құралына айналуы және ана мен әкенің бала тәрбиесіне қатысты көзқарастарының бір-біріне сәйкес келмеуі жиі кездеседі.
Мұндай жағдайларда психологтың міндеті – кінәліні анықтау емес, баланың қандай ортада өзін қауіпсіз сезінетінін кәсіби тұрғыдан бағалау.
Психологиялық көмек сот залынан ғана басталмайды
Шәкизат Қаратайұлының айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ата-анамен жүйелі жұмыс әлдеқайда ертерек басталуы қажет.
Біз тек қиындық туындаған кезде ғана көмек көрсетумен шектелмейміз. Негізгі мақсатымыз – ата-аналардың психологиялық-педагогикалық білімін арттыру. Сол үшін үнемі кездесулер, семинарлар, форумдар ұйымдастырып, ата-аналарға мамандармен еркін пікір алмасуға мүмкіндік береміз. Психологтар мен басқа да сарапшылардың көмегі кез келген ата-анаға қолжетімді болуы керек деп есептейміз, – дейді ол.
Осы бағытта бірлестік мектептермен, колледждермен, жоғары оқу орындарымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жобаларды тұрақты жүзеге асырып келеді. Мұндай кездесулерде тек бала тәрбиесі ғана емес, цифрлық қауіпсіздік, эмоционалдық интеллект, жасөспірім психологиясы, отбасындағы өзара сыйластық және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері де кеңінен талқыланады.
Шәкизат Қаратайұлының пікірінше, бала тәрбиесіндегі ең маңызды факторлардың бірі – ата-ананың өз білімін үнемі жетілдіруге ұмтылуы.
Біз әрдайым бір нәрсені айтып келеміз: жақсы қоғам жақсы отбасынан басталады. Сондықтан ата-ананың өзі дамуға ұмтылып, мамандардың кеңесіне құлақ асып, баламен дұрыс қарым-қатынас орнатуды үйренуі өте маңызды. Саналы ата-ана көбейген сайын қоғам да өзгереді, – дейді РҚБ төрағасының орынбасары.
Мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары балаларға қатысты әлеуметтік мәселелердің күрделене түсуі ата-аналармен жүйелі жұмыстың маңызын бұрынғыдан да арттырды. Сондықтан «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі қызметін тек кеңес берумен шектемей, қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға бағытталған ұзақ мерзімді жобаларға басымдық беріп келеді.
Бүгінде ұйым жұмысы он негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Олардың қатарында репродуктивті денсаулықты сақтау, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, мектеп пен ата-ананың тиімді ынтымақтастығын қалыптастыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы құндылықтарын нығайту, ажырасудың алдын алу, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, тұлғалық даму, құмар ойындарға тәуелділікпен күрес және суицидтің алдын алу бар. Бұл бағыттардың әрқайсысы бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылып келеді.
Шәкизат Қаратайұлының сөзінше, бүгінгі күні ең алаңдатарлық мәселелердің бірі – жас отбасылардың ажырасуы.
Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, көптеген жұп отбасылық өмірге дайындықсыз келеді. Соның салдарынан ажырасу көбейіп отыр. Осыған байланысты біз өңірде «Сенің болашағың» атты отбасын құруға дайындық мектебін іске қостық. Алты айға жоспарланған бұл пилоттық жоба жастардың отбасылық өмірге психологиялық, әлеуметтік және медициналық тұрғыдан дайын болуына көмектесуге бағытталған. Жобаға 200 жас тартылып, олар арнайы оқыту бағдарламасынан өтті. Мұндай жұмыстардың түпкі мақсаты – ажырасудың алдын алып, берік отбасылардың санын көбейту, – дейді ол.
Маманның айтуынша, қоғамдағы өзгеріс бір күнде болмайды. Сондықтан нәтиже тек өткізілген іс-шаралардың санымен емес, адамдардың көзқарасының өзгеруімен өлшенуі керек.
Біз ешқашан статистика үшін жұмыс істеген емеспіз. Басты мақсатымыз – ата-аналар мен жастардың қоғамдағы маңызды мәселелер туралы хабардар болуына ықпал ету. Әрбір адам бала тәрбиесінің, психологиялық саулықтың, ұлттық құндылықтардың қаншалықты маңызды екенін түсінсе, бұл ертең бүкіл қоғамның өзгеруіне әсер етеді, – дейді Шәкизат Қаратайұлы.
Мемлекет пен азаматтық қоғамның ортақ жауапкершілігі
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда бала құқығын қорғау мәселесін тек мемлекеттік органдардың күшімен шешу мүмкін емес. Бұл бағытта қоғамдық ұйымдардың тәжірибесі, кәсіби психологтардың көмегі және азаматтық қоғамның белсенділігі маңызды рөл атқарады.
Осы тұрғыдан алғанда, Саналы ата-ана академиясының Астанадағы ювеналды сотпен бірлескен жобасы мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тиімді серіктестігінің нақты мысалына айналып отыр.
Жоба аясында психологтар соттың әкімшілік құрылымына кірмейді. Бұл олардың тәуелсіздігін сақтап, әр отбасыға бейтарап көзқараспен қарауына мүмкіндік береді. Сонымен бірге олардың қорытындылары сот үшін маңызды кәсіби сараптамалық материал ретінде қарастырылады.
Психолог Камила Тоқжұманованың айтуынша, мұндай модельдің басты артықшылығы – баланың мүддесін барлық тараптан жоғары қою.
Әрбір іс – жеке тағдыр. Сондықтан біз дайын үлгімен жұмыс істемейміз. Әр отбасының жағдайын терең зерттеп, бала үшін ең қауіпсіз әрі қолайлы ортаны анықтауға тырысамыз. Біздің қорытындыларымыздың ғылыми негізделуі де сондықтан маңызды, – дейді маман.
Ата-ананы тәрбиелеу – бала тәрбиесінің бастауы
Соңғы жылдары «Сенімен Болашақ» ұйымдастырған республикалық ата-аналар форумдары да осы бағыттағы маңызды алаңға айналды.
Форумдарда ата-аналардың оқу-тәрбие процесіне қатысуы, жасөспірімдердің психологиялық және репродуктивті денсаулығы, балалардың цифрлық мәдениеті, ұлттық құндылықтарды сақтау, гаджетке тәуелділік сияқты қоғамды толғандыратын мәселелер кеңінен талқыланады.
Шәкизат Қаратайұлының айтуынша, бүгінгі күні бала тәрбиесінің сапасы көбіне ата-ананың өз білімін жетілдіруге байланысты.
Кәсіби көмекке уақытында жүгіну – әлсіздік емес, жауапкершілік. Психологтармен және басқа мамандармен жұмыс істеу ата-аналарға баласының эмоционалдық қажеттілігін жақсырақ түсінуге, дұрыс қарым-қатынас орнатуға және тиімді тәрбие тәсілдерін қалыптастыруға көмектеседі. Бізге хабарласқан әр отбасының мәселесі құпия сақталады және олар қажетті маманның көмегіне бағытталады, – дейді ол.
Бала қауіпсіздігі туралы сөз болғанда жауапкершілікті тек мектепке, психологқа немесе мемлекетке артып қою жеткіліксіз. Бұл – ең алдымен отбасының, одан кейін қоғам мен мемлекеттің ортақ міндеті.
Қазақстанда осы үш бағыттың өзара байланысы біртіндеп нығайып келеді. Мемлекет құқықтық және институционалдық негізді қалыптастырып жатса, қоғамдық ұйымдар нақты отбасылармен жұмыс істеп, ата-аналардың тәрбиелік құзыретін арттыруға күш салып отыр.
Отбасы институтының тәжірибесі көрсеткендей, баланы қорғаудың ең тиімді жолы – мәселе туындағаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Ал оның бастауы – саналы ата-ана, берік отбасы және балаға немқұрайлы қарамайтын қоғам.