Отбасын қолдау орталықтарын құру қажет - Динара Зәкиева

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева Премьер-Министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұланға Жамаубаевқа отбасы мәселелері туралы депутаттық  сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Депутаттың айтуынша, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес қазіргі таңда қазақстандық 6 млн 750 мың отбасының жартысына жуығы қолдауды қажет етеді: 1 145 100 отбасы дағдарыс жағдайында тұрып жатыр, 1 592 600 отбасы өте қиын жағдайда. 

Аталған санаттағы барлық отбасыларға кешенді көмек, әлеуметтік оңалту, сүйемелдеу, жұмысқа орналасуға көмек көрсету, құжаттандыру, жәрдемақылар, төлемдер, АӘК және басқа да қызметтер қажет. Сондықтан барлық қызметтерді бір терезеде алуды қамтамасыз ету үшін еліміздің әр ауданында инфрақұрылым, атап айтқанда Отбасын қолдау орталықтарын құру қажет,- дейді ол.

Айтуынша қазір елде 220 ауданға тек 47 отбасын қолдау орталығы ғана бар. 

Мысалы, Түркістан облысында 14 аудан мен үш қала, 2 миллионнан астам халық бар. 330 мың отбасы төтенше қиын және дағдарысты өмірлік жағдайда тұрады, облыста зорлық-зомбылық деңгейі де жоғары. Облыс бойынша тек екі дағдарыс орталығы бар, бір Отбасын қолдау орталығы енді ашылып жатыр. Үшеуі де Түркістан қаласында орналасқан. Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасының, балалы әйелдің шалғайда жатқан ауылдан орталық іздеп жүздеген километр жүріп баратын не күші, не қаржылық мүмкіндігі жоқ. Республиканың басқа өңірлері бойынша да осындай жағдай. Өкінішке қарай, отбасылардың әлеуметтік мәселелерінің шешілмеуі және оларға уақтылы көмек көрсету мүмкіндігінің болмауы көп жағдайда қайғылы салдарға әкеліп жүр. Мұндай мысалдар бізде жеткілікті, -деді депутат.  

 Сондай-ақ ол тиісті орталықтарды ашу туралы тапсырманы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 2022 жылғы 23 маусымда Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада берді. Онда Президент әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мемлекеттің басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Қызметтер мен көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесінің шешімі «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы Жол картасының 17-тармағында көрсетілген. Оған сәйкес әр қала мен әр ауданда Отбасыларға қолдау көрсету, отбасылық жанжалдарды шешу және балалы әйелдерді уақытша тұрғын-жаймен қамтамасыз ету орталықтарын, 2025 жылға дейін барлығы 234 орталық ашу көзделген,- деді ол.

Оның айтуынша орталықтарды құрудың мақсаты – отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығуы үшін толық әлеуметтік-құқықтық сүйемелдеу және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. 

Ашылуы 2022 жылға жоспарланған 45 орталықтың бүгінде 21-і ашылды, тағы 19 орталық жылдың соңына дейін ашылмақ. 2023-2025 жылдар аралығында тағы 158 орталық ашу қажет. Бұл жергілікті бюджеттер есебінен болжанған еді. Алайда, аталған орталықтарды ашу үшін өңірлерде қаражат жоқ. Осыған байланысты, осындай әлеуметтік маңызы бар бағытты толыққанды іске асыру үшін 2023-2025 жылдары орталықтар құруға орталықтандырылған қаржыландыруды қарастыруды сұраймыз,- дейді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы