Отбасылық зорлық-зомбылық чайлдфри тенденциясының дамуына түрткі - маман

Елімізде отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейіп келеді. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатаймен толық отбасы, саналы қарым-қатынас жайлы сұхбаттасқан еді.

- Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары азайып келе ме?

- Тұрмыстық зорлық-зомбылық қазақ қоғамында қай заманда да болған. Ол күні кеше пайда болған жоқ. Бүгінгі күннің кешегі кезден айырмашылығы – халықтың барлығын ашық айта бастауы. Психологиялық жұмыс жүргізу барысында қыз-келіншектердің жас кезінде зорлық-зомбылыққа тап болғаны анықталады. Соның салдары оның отбасылық өміріне зиянын тигізбей қоймайды. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары азайып келеді деп айтпас едім. Себебі бүгінде ақпарат шыға бастады, біз мәселенің әлі де бар екеніне көзіміз жетті. Енді заңды күшейту қажет. Әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылу қажет. Екіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық дегенде, әйелдерден бөлек ер адамдардың да ұшырайтынын естен шығармаған жөн. Адамды жынысына қарамай, заң алдында қорғау қажет.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа кім және не себепкер болады деп ойлайсыз?

– Статистика бойынша 2022 жылы 70 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болды. Енді ойлаңыз, 70 әйелдің артында қаншама бала жетім қалды. Мен осы жерде қоғамда әйелдердің мәдениетін көтеру қажет деп айтар едім. Зорлық-зомбылықтың әртүрлі себептері болады. Мінез, сабыр, тоқтай алмай ұрсысу деген бар. Біз барлық өңірдің дағдарыс орталығында болдық, сол жердің басшыларының өздері күліп: «Мыналардың мінезін көрген кезде, өзің ұрып жібергің келеді кейде»  деп айтқандары бар. Яғни ер адамды ұруға дейін жеткізу деп айтуға болады. Дегенмен бізде қыз-келіншектерге, аналарға қол көтеруге болмайды деген мәдениет қалыптасу қажет. Егер бір-бірін тыңдамай, әрқайсы өзімдікі дұрыс деген ұстанымды ұстанып, үйде күнде жанжал шығаратын адамдер екі жаққа ажырауы қажет. Мен толық отбасы деген ұстанымға тереңірек мән берер едім. Толық отбасы деген екі адамның жұп болып бір шаңырақтың астында бірге тұруы емес. Қазір кейбір отбасылардың іші бүтін, сырты түтін. Сырттай тамаша отбасы болып көрінеді, бірақ ішкі өміріндегі бақытсыздық пен келеңсіздіктер, сол атмосферада өсіп жатқан балалар, олардың алып жатқан тәрбиесі, отбасы моделі деген мәселелердің барлығы келесі буынның сапасыз отбасын құруға немесе мүлде құрмауына әкеліп соғады.

– Отбасын ұрыс-керіссіз қалай сақтап қалуға болады?

– Қазір жастардың арасында «чайлдфри» деген тенденция бар. Некеге тұрмай, бала тумай, өзімен-өзі еркін өмір сүргісі келеді. Осындай жастардың барлығы қайдан шығып жатыр дегенге көз жіберіп көрейікші. Олардың барлығы отбасындағы келеңсіз жайттарды көріп өскендіктен, өз өмірінде мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін отбасын құрмай, еркін жүргісі келеді. Яғни отбасын құрса, сондай жағдай қайталанатындай көрінеді. Сол себептен отбасы құндылықтарын теориялық тұрғыда балабақша мен мектеп қабырғасында айтқанмен, өз отбасында соны сезіне алмаса, ол ақпараттан еш нәтиже болмай, рухани кедей болып өседі. Сол себептен біз балаға отбасы құндылықтарын өз жанұясында сіңіріп өсуін басты назарда ұстауымыз қажет. Дәл қазір қалыптасып қалған азаматтарды түзете алмаумыз мүмкін, ол өте қиын. Дегенмен нағыз жігіттерді тәрбиелеу аналардың қолынан келеді. Болашақта жауапты, табысты, қамқор бола алатын жігітті тәрбиелей алады. Егер бізді күйеуіміздің немесе айналамыздағы ер-азаматтардың қылықтары мен өзін-өзі ұстауы ұнамаса, ол адамдарды өзгертуге емес, балаңыздың бойынан осы кемшіліктің табылмауына көбірек күш салумыз керек. Негізгі фокус балаларда болу қажет. Бұл тәрбие 10-20 жылдан кейін өзінің жемісін береді. Бұл –үздіксіз жүретін тәрбиелік процес.

– Орта Азияның кейбір елдерінде ауыл-аймақтағы, білім алмаған қыз-келіншектер зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Ал біздің елде қандай?

– Біздің елімізде қыздар мен ұлдарға білім беру толық шешілген. Мәселе тек білімде болса, бұл бұрын да шешілер еді. Дегенмен білімнен де жоғары тәрбие деген болып тұр. Отбасында балаға жақсы үлгі көрсетіп, қиын жағдайдан шығудың жолдарын ашуланбай бірге шешуді қолға алған кезде, бұл мәселе толықтай болмаса да шешілер еді. Тәрбиеге бүгінгі күні көбірек назар салуға және шұғыл шешім қабылдауға мәжбүрміз. Біздің дәстүрлеріміздің Орта Азия елдеріндегі кейбір салт-дәстүрлерімен ұқсастығымыз бар. Дегенмен әр елдің бұл мәселеден арыла алмай отырған өзіндік жайттары бар. Мәселен, қырғыз елін алып қарасақ, ондағы әйелдердің 70%-ы отбасылық жанжалда үндемей, әрі қарай көне беруді жөн санайды. Ең қорқыныштысы, біздің елдегі әйелдердің де жағдайы осындай. Көп жағдайда көніп, өмірден өткенге дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдайды. Себебі «қайтып келген қыз жаман» деп қызға қысым көрсетіледі. Сонымен қатар отбасында ұрыс, жанжал, түсініспеушілік туындаған жағдайда, ең бірінші әйел кінәлі болады. Яғни өз тілінен зардап шекті, ұрыс шығарған, көзіне шөп салған болар деген тұжырымға келеді. Ал ер адамдардың өзге әйелмен қатынаста болуына түсіністікпен қарайды.

– Тиран күйеу деп айтып жатамыз, ер адамдар неліктен қатыгез болады? Отбасын сақтап қалу үшін ер адамдардың да мамандарға көрінгені дұрыс па?

– Менің ойымша, мектеп қабырғасында балиғат жасына толған балаларға жыныстық сауаттылық, отбасы, неке бағытындағы үлгілік сабақ ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ бұл сабаққа ата-аналарды да тарту керек. Мектептегі теориялық шаралар отбасыларында да көрініс тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі әр ата-ана өзінің қателігін алаңға шығып айтқысы келмейді, бірақ жаңағыдай шарадарда әркім іштей болса да мойындаса, оқушылардың отбасындағы жағдайларының жақсы болуына көмектесер едік. Ал енді тиран күйеу деп айтып жатырмыз ғой, ересек адамдар өзгермейді. Әрине саналы адам өзгереді, ол адамның өзіне байланысты, бірақ әйелінің күйеуін өзгертуі өте сирек. Адам өзгеру үшін, дамып-жетілуге ұмтылып, шешім қабылдауы қажет. Отбасында әйелдер ерлеріне көніп, бір күні қояр, бәріне мен кінәлімін деп сылтау іздейді. Осылайша, отбасымды сақтап қаламын дейді. Бізде ер адамдар әйеліне қол көтерсе, кешіру қажет. Ал әйелдер ерлерге қол көтере алмайды. Ер адамдар әйелінің көзіне шөп салса, түсіністікпен қарау қажет. Ал әйел адамдар осы әрекетке барса, таяққа жығылады, өзінің лайықты жазасын алады деп есептелінеді. Сатқындық пен опасыздық жынысқа бөлінбейтінін естен шығармаған жөн.

- Отбасындағы сау, саналы қарым-қатынас дегеніміз қандай болу қажет?

- Меніңше, саналы қарым-қатынастың түп негізінде құрмет жатады. Сүйіспеншіліктің негізінде ері әйелінің жеке шекарасын, тұлға ретінде қараса, әрине, сау қарым-қатынасты орнатуға болады. Халықаралық сарапшылар да баланы күтіп-баптау тек әйелдің мойнында болмауы тиіс, ер адам үйдің шаруасына араласуы қажет дегенді айтып жатыр. Мен бұнымен келісер едім. Баланың жаялығын ауыстырып, тамағын беруге көмектесуі қажет. Себебі бала тек әйелге ғана керек емес. Баланың өміріне араласып, тәрбиелеуді ата-ана қатар алып жүруі қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы