Отбасы мен әйелдерді қолдау: Астанада комиссияның қорытынды отырысы өтті

Астанада Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның 2025 жылғы қорытынды отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен құрылған комиссия жөнінде Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мағжан айтып берді.

ТМД елдерінің ішінде ең алғаш құрылған комиссия біздің елде болды. Бұл комиссия отбасылық-демографиялық саясатты дамыту, жүргізу мақсатымен құрылды. Қазір Астанада комиссияның 33 мүшесі бар, – деді ол.

Назгүл Мағжанның айтуынша, комиссия құрамына мемлекеттік органдар өкілдерімен қатар Әкелер одағы, Аналар кеңесі мүшелері, кәсіпкерлер, азаматтық қоғам белсенділері, спорт, медицина сияқты әртүрлі салалардан бір-бір өкілден жұмылдырылған.

Төраға орынбасары биыл комиссия тарапынан отбасылардың жағдайын жақсарту үшін заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылғанын атап өтті.

Биыл біздің тарапымыздан жұмыс берушілерді ерекше балалар тәрбиелеп отырған ата-аналарды жұмысқа алуға ынталандыру ұсыныстары берілді, қазір Үкіметте қаралып жатыр. Сондай-ақ ерекше балалар мен олардың ата-аналары жылдар бойы күтетін санаторлы-курорттық емдеу аймақтарына бару ережелерін оңтайландырып, жеңілдету тетіктерін ұсындық. Бұл – біздің комиссияның сараптама жұмысының нәтижесі, – деді Назгүл Мағжан.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелігінде белгілі журналист Айгүл Мүкей де бар.

Мен осы комиссия мүшесі болғаныма 4 жыл болды. Біз балаларға, әйелдерге көмектесеміз. Ай сайын, апта сайын азаматтарды қабылдау жүргіземіз. Біздің қабылдауға қалаған адам келіп өзінің мәселесін айта алады. Бұл қоғамдық жұмыс, бізде жалақы жоқ. Бірақ көмек көрсетеміз. Демеуші табамыз немесе жұмысқа орналастырамыз. Біздің комиссия мемлекеттік органдар мен азаматтардың арасындағы көпір секілді, – деді ол.

Айта кетейік, қорытынды отырыста комиссияның негізгі жұмыс нәтижелері, жүзеге асырылған бастамалар мен жобалар таныстырылып, отбасы институтын нығайту, әйелдерді қолдау және әлеуметтік маңызы бар бағыттарды дамыту бойынша алдағы қадамдар айқындалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы